Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылындағы мектеп асханасында шу шықты. Әлеуметтік желіде үшінші сынып оқушылары түсірген сурет тарады: балалардың сорпасының ішінен құрт табылған, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ата-аналардың айтуынша, бұл оқиға бірінші рет емес. Қыркүйек айында да табақтан құрт шыққанын балалар мұғалімге көрсеткен, бірақ ол оны «дәмдеуіш» деп түсіндірген көрінеді.
Бүгін балалар суретке түсіріп жіберген соң ғана біз нақты дәлелге қол жеткіздік, – дейді ата-аналар комитетінің төрайымы Оксана Занина.
Ата-аналар асхананы жалға алушы кәсіпкерге бірнеше рет шағымданғанымен, нәтиже болмаған. Енді олар білім бөлімі мен санитарлық қадағалау органдарынан қатаң шара қолдануды талап етуде.
Үлкен Нарын ауданының білім бөлімі оқиғаға байланысты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөліміне ресми хат жолдағанын хабарлады.
Қазір тексеріс басталды. Қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – делінген ведомство түсіндірмесінде.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке сүйенсек, мектеп асханасын жалға алушы кәсіпкер 2024 жылдың ақпан айынан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы ол оқушыларды тамақтандыруға 21,8 млн теңгеге, ал биыл 33,3 млн теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасаған. Алайда ата-аналар екі апталық мәзір мен шынайы беріліп жатқан тағамдардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтып, бұған да алаңдаулы.
Қазір ата-аналар жалға алушыға ғана емес, оған бақылау жасамаған жауапты тұлғаларға да шара қолдануды талап етуде.