Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитт Қытай билігін АҚШ-пен сауда соғысын өршіту салдары туралы ескертті. Оның айтуынша, егер Пекин америкалық қосымша баж салығына жауап ретінде қарсы шараларды жалғастырса, бұл Қытай үшін жақсы болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Егер Қытай АҚШ-пен келісімге келуге ниет білдірсе, президент кеңпейілдік танытады. Бірақ Қытай қарымта жауап беруді жалғастырса — бұл Қытай үшін жақсы болмайды. АҚШ — әлемдегі ең мықты әрі дамыған экономика. Бұған дәлел ретінде – 75-тен астам ел бірден әкімшілікпен байланысқа шығып, келісім жасағысы келетінін жеткізді. Президент өз халқына пайдалы шешім қабылдағысы келеді, – деді Левитт Вашингтондағы брифингте.
Ол Қытайдың келіссөздерді бастауға ниет білдіретінін Трамп күтеді ме, жоқ па – ол туралы нақты жауап бермеді. Бірақ оның айтуынша, АҚШ-тың одақтастары Америка нарығына тәуелді екенін ашық білдіріп отыр.
Сіздер Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Ақ үйге келгенін көрдіңіздер. Біз Оңтүстік Кореядан, Жапониядан хабар алдық, Президент Вьетнаммен сөйлесті, ал келесі аптада Италия келеді. Олар барлығы АҚШ-қа мұқтаж, – деді Левитт.
Оның сөзінше, Қытайға салынған баж салығы 145% деңгейінде қалады, ал басқа елдермен Трамп келісім жасау үшін 90 күндік үзіліс жариялаған. Осы мерзімде тарифтер уақытша 10%-ға көтерілді.
12 сәуір, сенбі күні Қытай АҚШ-тан келетін тауарларға кедендік баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін арттыратынын хабарлады.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға қарсы тарифтерді 125%-ға, ал бейсенбі күні – 145%-ға дейін көтергенін жариялады.