Былтыр мемлекеттік қорға 2,1 млн гектар жер қайтарылған. Бұл туралы Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы үш жылда ауданы 9,4 млн га жерде 4,7 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 6,3 млн га аумақтағы бұзушылықтарды жоюға 3,5 мыңға жуық ұйғарым берілді. Нәтижесінде мемлекеттік қорға 12,1 млн гектар жер қайтарылды, оның ішінде 2022 жылы – 5,4 млн гектар, 2023 жылы – 4,6 млн гектар, 2024 жылы – 2,1 млн гектар, - дейді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Теміржановтың айтуынша, қайтарылған жерлердің 4,9 млн гектары қайта бөлінді: 1,9 млн гектары жайылым ретінде пайдалануға, 3 млн га жер пайдаланушыларға конкурстық негізде берілген.
2022 жылдан бастап жер пайдаланушылар 3,7 млн гектар жерді игеруге кірісті, - деді спикер.