Мемлекет басшысы "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әсел Жанасова компанияның былтыр атқарған қызметінің нәтижелері, қаржылық жағдайы, сондай-ақ дамудың перспективті бағыттары туралы есеп берді.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда "Қазпошта" таза табыс тауып, бюджетке 45 миллиард теңге көлемінде салық және баж алымдарын төлеген;
компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет ең үздік 50 пошта операторының қатарына кіргені жөнінде баяндады.
Тасымал үдерісін оңтайландыру есебінен пошталық жөнелтілімдердің көлемі 26 пайызға өскен.
Атап айтқанда, 20 миллион, соның ішінде 9 миллион халықаралық сәлемдеме жеткізілген.
HomePost жобасының жүзеге асырылу барысын таныстырды. Аталған бастама аясында үй жанындағы дүкендер аумағында тапсырыстарды беруге арналған 180 пункт ашылған. Биыл олардың саны 1 мыңға жетеді. YTO Express компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде пошталық инфрақұрылымды жаңғыртуға 50 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылған.
Сондай-ақ ол қызмет сапасын жақсарту мақсатында енгізілетін инновация жайында айтты.
– Japan Post, Toshiba және Cainiao компанияларымен көлік және логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр;
– халықаралық маркетплейстерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін Keruen сервисі дамып келеді.
Ақтөбе әуежайында мультимодальды қойма салу жоспарланып отырғаны жөнінде айтты. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын бұл нысан Түркияның S-Sistem компаниясымен серіктестік негізінде бой көтереді.
Мемлекет басшысы компанияның қаржылық жағдайын жақсарту, еліміздің ТМД-ға бағытталған көлік-логистика әлеуетін электронды сауда саласында дамыту және цифрлық шешімдер енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.