Мәжіліс депутаты
Еділ Жаңбыршин “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын талқылау барысында Қазақстанда бұралқы иттер мәселесі әлі де шешімін таппай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды
BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан. Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелген, оның 24 410-ы бұралқы иттердің шабуылы болған.
Жаңбыршиннің сөзінше, бұл көрсеткіштер мәселенің азаймай отырғанын аңғартады.
Яғни мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр, - деді депутат.
Ол бұл статистиканың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұрғанын атап өтті.
Депутаттың айтуынша, бұралқы иттердің шабуылы салдарынан:
• балалар жарақат алады;
• азаматтар қорқыныш пен психологиялық күйзеліске түседі;
• кей жағдайлар мүгедектікке әкеледі;
• тіпті адам өліміне дейін ұласатын оқиғалар тіркеледі.
Еділ Жаңбыршин соңғы жылдары ел ішінде болған бірнеше жағдайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасаған. Осындай оқиғалар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай ауылында және Қосшыда да болған.
Сондай-ақ ол 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапқанын еске салды.
Депутаттың пікірінше, әрбір осындай қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке орынды сауал қояды.
Адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді? Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және басқарушылық вакуумда, - деді ол.