Мемлекет мәдени нысандар салу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Соңғы бес жылда елімізде 274 мәдени нысан салынды, сондай-ақ тағы 1293 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 64 нысанның құрылысы жалғасын тауып, 130 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Театр инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінініп отыр. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық-драма театры, Түркістан қаласындағы музыкалық-драма театры және Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар қазір де жалғасуда. Бүгінгі таңда Ақтөбе және Қонаев қалаларындағы драма театрларында жаңа ғимараттар құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шымкент қаласында опера театрының, Қызылорда қаласында драма театрының және Семей қаласында музыкалық-драма театрының құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы мәдениет мекемелерін жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жөндеу және жаңарту жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, кіреберіс бөлігі қайта жаңғыртылып, залдар мен қызметтік үй-жайлар жаңартылды.
Музей және туристік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы Астана қаласында жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан облысындағы «Сауран» және «Гауһар ана» визит-орталықтары мен Алматы облысындағы «Есік» визит-орталығының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Бозоқ көне қалашығының археологиялық қазба жұмыстары негізінде құрылған ашық аспан астындағы ұлттық парк аумағында ортағасырлық сәулет үлгісіндегі қоршау салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, демеушілік қаражат есебінен былтыр Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейдегі желдету және ауа баптау жүйелері жаңартылды.
Өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл бастама өз кезегінде ауылдық және өңірлік мәдениет ошақтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2027 жылға дейін кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында 3 жаңа кітапхана салынды. Сондай-ақ 13 кітапханаға күрделі жөндеу, 64 кітапханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және 197 кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Шығармашылық білім беру саласында да маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.