Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Солтүстікке көшуге 7 млн теңге: Қоныс аударушыларға жаңа мүмкіндік пайда болды

Кеше, 14:24
955
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстанда көші-қон саясаты жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. 2025 жылдың желтоқсанында Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын бекітіп, 2026 жылдың қаңтарынан бастап бұл бағытта жаңартылған тәртіп енгізілетінін мәлімдеген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

Бұл ретте қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріліп, заң талаптарын сақтайтын азаматтарға басымдық беріледі. Сондай-ақ цифрлық жүйелер заңсыз әрекеттер мен жалған құжат айналымын болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы өзгерістер аясында оңтүстік өңірлерден солтүстік аймақтарға қоныс аударуға ниетті азаматтар мен қандастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғаймақ.

Қазіргі жағдай қандай?

Соңғы жылдары солтүстік өңірлерге көшетіндердің саны тұрақты түрде өсіп келеді. Ішкі көші-қонның басым бөлігі өңіраралық бағытта жүзеге асуда. Бұл әсіресе жұмыс іздеп жүрген жастар мен көпбалалы отбасылар арасында жиі байқалады.

Мемлекет көші-қонға қатысушыларды қолдау мақсатында бірнеше бағдарлама ұсынып келеді. Нәтижесінде 2025 жылдың өзінде солтүстік аймақтарға 7 594 адам қоныс аударған. Оның 2 309-ы -қандастар болса, 5 285-і - ел ішіндегі қоныс аударушылар.Бұл деректер өңіраралық көші-қонға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те есеп беру кездесуінде соңғы бес жылда оңтүстіктен шамамен 17 мың адамның солтүстікке көшкенін атап өткен еді. Оның айтуынша, қоныс аударғандардың 73 пайызы жұмыспен қамтылған, ал 85 пайызы өңірде тұрақты қалып қойған. Бұрын кейбір азаматтардың жұмыс таппай кері қайтқан жағдайлары да болғанын әкім жасырмады.

2026 жылдан бастап қандай өзгеріс бар?

2026 жылдан бастап солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтарға берілетін мемлекеттік қаржылай көмек көлемі 1625 АЕК дейін, яғни шамамен 7 миллион теңгеге жетеді. 

Алайда бұл қаражат тек тұрғын үй сатып алуға бағытталады. Егер баспананың құны көрсетілген сомадан жоғары болса, бөлінген қаржы ипотекалық несиенің бір бөлігін өтеуге жұмсалады.

Өтінім беру тәртібі

Қоныс аударуға ниетті азаматтар өтінімді migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн түрде бере алады. Ол үшін алдымен сайтта тіркеліп, электронды пошта арқылы жеке кабинет ашу қажет.

Порталда «Қоныс аудару картасы» деген арнайы бөлім бар. Онда әр өңір бойынша бөлінген квота көлемі, бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар, орташа жалақы мөлшері, мектептер мен әлеуметтік инфрақұрылым туралы мәліметтер ұсынылған.

Қандай талаптар қойылады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті ұсынған талаптарға сәйкес, өтінім берген отбасының кемінде бір мүшесі еңбекке қабілетті болуы тиіс.

Бұл үшін колледж немесе жоғары оқу орнының дипломы, не болмаса көшу жоспарланған өңірдегі бос жұмыс орнына сай кәсіби дағдысы болуы қажет. Ал қандастар үшін білім туралы диплом міндетті талап болып саналмайды.

Өтінім қабылданған соң жүйе автоматты түрде хабарлама жолдап, мансап орталықтарының мамандары азаматтармен байланысқа шығады.

Қандай құжаттар керек?

migration.enbek.kz порталындағы «Көшіру бойынша кеңес» бөлімінде қажетті құжаттар тізімі көрсетілген. Атап айтқанда жеке куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, білім туралы құжаттар қажет.

Осы деректер негізінде азамат аймақтық қоныс аударушылар квотасына енгізіліп, сауалнама толтырғаннан кейін экономикалық мобильдік сертификатын алады.

Қоныс аударушыларға көшіп барғаннан кейін 25 мемлекеттік қызмет бойынша интеграциялық қолдау көрсетіледі. Бұл жаңа ортаға бейімделу, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қызметтерді алу процесін жеңілдетуге бағытталған.

2026 жылдан бастап оңтүстіктен солтүстікке көшуге арналған мемлекеттік саясат тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімделу және цифрлық сервистер арқылы қолжетімділік те басты назарға алынбақ.

Өзгелердің жаңалығы