СҚО-да тас жолда жүк көлігімен соқтығысқан жол-көлік оқиғасында төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол апаты 8 қаңтар күні «Астана — Петропавл» автожолында «Toyota Camry» және «Shacman» автокөліктерінің қатысуымен болған.
ЖКО салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы қаза тауып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Toyota Camry» автокөлігі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, қарсы келе жатқан жүк автокөлігімен соқтығысқан.
Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жылдамдық режимін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және қауіпті маневрлер ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұқият болыңыздар және өмірлеріңізді сақтаңыздар, — делінген ПД хабарламасында.
2025 жылы СҚО аумағында 593 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 47 адам қаза тауып, 793 адам түрлі жарақат алған. Соның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 117 ЖКО тіркеліп, 26 адам қаза тауып, 200 адам жарақат алған.