Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында сотталғандар компьютерлік сауаттылыққа оқытылады. СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, сотталғандармен сабақ өткізу туралы уағдаласты. Бүгінгі таңда компьютерлік сауаттылықтың арнайы әзірленген практикалық курсы бойынша 30 сотталушы оқиды, оның 20-сы - ерлер колониясында, 10-ы - әйелдер колониясында, - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, оқыту күн сайын онлайн форматта өтеді.
5-модульдік курстың жалпы ұзақтығы 36 сағатты құрайды, оның соңында сотталғандар сертификат алады. ХХІ ғасырда компьютер өмірге мықтап енгені соншалық, қазір ондағы жұмыс дағдыларынсыз бірде-бір беделді жұмысқа орналасуға болмайды. Сонымен бірге бас бостандығынан айыру орындарында болған кезде сотталғандар құнды кәсіби дағдыларын жоғалта бастайды. Сондықтан оларды оқыту мен дамыту үшін жағдайлар жасалады. Курстардың арқасында бұрын компьютермен айналысқан сотталғандар жадты қалпына келтіре алады, ал басқалары оны нөлден қолдануды үйренеді. ҚАЖ мекемелері жағдайында кәсіби дағдыларды алу сотталғанның әлеуметтік мәртебесін өзгертеді, оның жеке басының оң өзгеруін жүзеге асырады, - дейді министрлік өкілі.
Ведомство білім алу мүмкіндігінің арқасында ҚАЖ мекемелерінің тәрбие қызметі тереңірек ашылады деп отыр. Сондай-ақ кәсіби дағдылардың болуы адамға түзету жолына түсуге және босатылғаннан кейін қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік береді.