Солтүстік Қазақстан облысы заманауи сүт фермаларын дамытуда ел бойынша көш бастап келеді. Өңірде қазіргі таңда 110 сүт-тауар кешені жұмыс істеп тұр – бұл Қазақстандағы барлық фермалардың шамамен 30 пайызы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023-2024 жылдары республикада іске қосылған 58 жаңа ферманың 21-і дәл осы облыста ашылған. Биыл тағы 8 жаңа жоғары технологиялы кешен пайдалануға беріледі.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, облыста сүт шаруашылығында 2 ірі жоба жүзеге асырылуда.
«Зенченко және К» командиттік серіктестігі тоқсан орындық «Карусель» сауу қондырғысы бар 8 мың басқа арналған ферма салады. Шаруашылық елдегі ең үздік алғашқы ондыққа кіреді және сүт сауу өнімділігі бойынша Қазақстанда 1-ші орында. Мағжан Жұмабаев ауданында «СК Агро» серіктестігі 100 бас сиырға «Карусель» бірегей сауу қондырғысы бар 10 000 басқа арналған Орталық Азия бойынша ең ірі ферма салады. Екі жоба бойынша сүт өндірудің жылдық өсімі 68 мың тоннаны құрайды. Бұл агроқұрылымдар өндіретін сүттің үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Жаңа нысандар Солтүстік Қазақстан облысының позициясын одан әрі күшейтіп, республикалық сүт өндірісіндегі үлесін 20%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.