Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол вокзалы жаңартылуда

3 Қаңтар 2026, 23:28
503
Бөлісу:
 Көлік министрлігі
Фото: Көлік министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысында Жаңаесіл, Саумалкөл және Тайынша станцияларындағы үш теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның мақсаты – жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыру, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Қайта жаңарту аясында вокзал ғимараттары кешенді түрде жаңғыртылып, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілер жаңаланады. Сонымен қатар жолаушылар ағыны ескеріле отырып, күту залдары қайта жоспарлануда. Өртке қарсы, терроризмге қарсы және санитарлық қауіпсіздік талаптарына басымдық берілген.

Жұмыстар облыс әкімдігі айқындаған мердігер ұйымдар тарапынан жүзеге асырылуда. Аумағы 570 шаршы метр болатын Жаңаесіл вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында. Саумалкөл мен Тайынша станцияларында инженерлік желілерді орнату және ішкі әрлеу бойынша соңғы жұмыстар атқарылып жатыр. Аумағы 442 шаршы метр болатын Тайынша вокзалы да дайындықтың соңғы кезеңіне жеткен.

Жобаның аяқталуы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, вокзал инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы