Солтүстік өңірлерде халық саны азайып жатыр - Әшімбаев

20 Ақпан 2024, 11:50
736
Бөлісу:
Солтүстік өңірлерде халық саны азайып жатыр - Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкімет сағатында еліміздің демографиялық ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы орта мерзімді уақытта Орталық Азия өңірінде қала халқының өсуі жалғаса береді деп болжап отыр. Әрине, бұл үрдіс қалаларда жұмыспен қамтудың және баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етудің өзектілігін арттыра түседі. Ауылдық аумақтарды да дамытуды ұмытпауымыз керек. Ауылдарда адам санын сақтап қалу да – стратегиялық мақсат. Осы тұрғыдан келген кезде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Шағын несиелердің арқасында ауылда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, - деді Әшімбаев.

Сенат төрағасы ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі өте маңызды екенін атап өтті.

Қазіргі таңда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, жекелеген өңірлерде қаражаттың уақтылы игерілмеу фактілері байқалады. Осыған байланысты Ұлттық жобаға, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына және өңірлік дамудың басқа да жоспарларына енгізілген іс-шаралардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Әшімбаев кейбір өңірлерде әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздік сақталып отырғанын айтады.

Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал, солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек. Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет, - дейді ол.

Әшімбаев демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымды тиісті деңгейде дамытумыз керегін айтты.

Азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта проблемалар да жоқ емес. Бүгін осы және басқа да мәселелерді қарастырамыз. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы. Сондықтан осы жолда бәріміз бірлесіп, дәйекті түрде жұмыс істеуіміз керек, - дейді Әшімбаев. 

Өзгелердің жаңалығы