Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 23-27 мамыр аралығында облыста «солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары» атты жәрмеңке өтеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева хабарлады.
Мұнда солтүстік облыстардан 3600-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
Соңғы 5 жылда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы теріскейге 735 отбасы қоныс аударды. Ал биыл 33 жанұя солтүстікке қоныс аудару квотасына енгізілді. Бос жұмыс орындарының тізімінде мұғалім, дәрігер, дәнекерлеуші және ауыл шаруашылығы саласына қатысты мамандықтар ұсынылды. Теріскейге беттеген азаматтарға мемлекет тарапынан бірнеше көмектер көрсетіледі. Атап айтқанда, отбасы және отбасы мүшелеріне 70 АЕК яғни, 222 600 теңге мөлшерінде қаржы беріледі. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер үшін берілетін қаржы көлемі бекітілген. Яғни, қалалық жерге қоныс аударғаны үшін бір адамға - 63 600 теңге, отбасы мүшелерінің саны екеуден асса - 79 500 теңге, ал бес адамнан көп болса - 95 400 теңге мөлшерінде төленеді, - деді Жанар Дәулетбаева.