Солтүстік Қазақстанда қар құрсауында қалған 60 адам құтқарылды

8 Ақпан 2021, 15:27
1958
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда қар құрсауында қалған 60 адам құтқарылды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында қалың тұман түсіп, көктайғақ пен боранға байланысты республикалық маңызы бар бірқатар жол жабылды. Бірақ Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан, сапарға шыққан жолаушылар аз болған жоқ.

Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылы маңында көлігі батып қалған 4 адам құтқарылды. Сондай-ақ, құтқарушылар Аққайың ауданындағы Рощинское елді мекені жанында жолда тұрып қалған 3 автокөлікті шығарып, қауіпсіз жерге дейін жеткізді. Боранның күшеюіне байланысты СҚО аумағында «Челябі-Новосибирск», «Көкшетау-Рузаевка», «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолдары жабылды.

Жалпы, құтарушылардың көмегімен 30-ға тарта жеңіл автокөлік, 60-тан астам адам қар құрсауынан шығарылды.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Писаревка ауылының маңында оппа қарға батқан көліктерден 57 адам құтқарылды. Арнайы қызмет мамандары 20 жеңіл автокөлікті сүйреп, қауіпсіз жерге шығарған. Жалпы, облыс бойынша 20 ауылға апаратын жолды қар басып, қатынас үзілді, - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Марат Қанғожинов.  

Сонымен қатар, боран салдарынан Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка ауылында жуырда ғана тұрғызылған хоккей корты зақымданды. 1,5 ай бұрын ғана пайдалануға берілген спорт кешенінің шатыры шайқалып, спортшыларға арналған жабық өтпе жол қирап қалды.


Өзгелердің жаңалығы