Ұрыс даласында жүріп ұлтына деген сағынышын жүрегінен сөндірмеген соғыс батыры, "Әскери-теңіз флотының үздігі" атағын алған Ысқақ Құсайыновтың ерлігі ұрпаққа үлгі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жастар батасын алуға барады
Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығы еліміз үшін де, Жетісу жұрты үшін де ескі дәуірдің ерлікке толы шақтарын қайта еске түсіргендей. Өңірден аттанған мыңдаған сарбаздың аман оралғандарының ішінде көзі тірі екеуі ғана қалды. Көбі кәріліктің қамытын киіп, келместің кемесіне мінді. Жыл сайын облыс әкімдігі тарапынан түрлі құрмет-қошеметтер көрсетіліп тұрады. Алапат майданның әрбір сәтін жүрегіне сыйдырған қарияның қазыналы әңгімелерін жастар күні бүгінге дейін тыңдап жүрді. Дегенмен кәрілікке ешкімнің қауқары келмейді, бүгінде ақсақал алдына барған жастарға батасын ғана береді.
Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында ғасырдан асқан қарияға ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда аймақта көзі тірі екі майдангер ғана қалған. Солардың ішіндегі жасы ең үлкені – Ысқақ ата. Жақында облыс әкіім Бейбіт Исабаев ардагердің иығына дәстүрлі түрде шапан жауып, өзінің арнайы құттықтау хатын табыстады. Ол ардагерге жылы лебізін арнап, майдангерлердің ішіндегі үлкені ретінде, келе жатқан Жеңіс күнін тағы да салтанатпен қарсы алатынына сенім білдірді. Бейбіт Исабаев ардагердің биылғы мерейтойда сапта тұрып, медальдарын тағып, Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюын тілеп, игі тілектерін жеткізді.

Соғыс бізге оңай тиген жоқ. Сол дәуірдің елесі әлі де жанымызда. Көбі ұмытылып қалды. Жас болсақ та, қолымызға қару алып, туған жерді қорғауға аттандық. Жанымыз аман қалса да, жүрегіміз жаралы оралдық. Көп достарымыз майданда мерт болды, олардың орны ешқашан толмайды. Қазір бейбіт өмір сүріп жатқан ұрпақ соның бәрін ұмытпауы керек. Бұл күндер оңайлықпен келген жоқ. Соғыстың не екенін білмеген дұрыс, бірақ бейбітшіліктің қадірін түсініп, соны сақтау – сендердің қолдарыңда. Біз қолдан келгенін жасадық. Енді елдің ертеңі – сендердің ақыл-парасаттарына жығылады. Соғыстың әр сәті жүрек төрінде тұр. Ұмытылмайды, ұмытылмақ емес, - дейді соғыс ардагері Ысқақ Құсайынов.
Батыр атамызға Қазақстан Қарулы күштері ардагерлерінің қоғамдық ұйымы атынан Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хаты да табысталған. Бұл міндетті Жетісу облысындағы ұйым төрағасы Рахым Қырқабақов атқарды. Ардагердің қызы Гүлсімхан Мырзаханова жиналған қауымға әкесінің өмір жолынан сыр шертіп, оның қайсарлығы мен еңбекке адалдығын тілге тиек етті. Ол әкесінің он алты баланың ішінен жалғыз аман қалғанын, жастайынан анасына қолғабыс етіп еңбекке араласқанын, кейін соғыстың азабын да, бейбіт күннің бейнетін де көргенін тебірене айтып өтті. Жүз бір жасқа келсе де сергек, бау-бақшасында еңбек етуді тоқтатпаған, немерелеріне жеміс өсіріп отырған ақсақалдың ұзақ жасауының сыры осы еңбекте жатқанын жеткізді.
Әкеміз көпке үлгі болған азамат. Соғыстан кейін ағартушылық салада еңбек етті. Балаларымды қайтсем ел қатарына қосамын деп аянбай жұмыс істеді. Әрине, соғыстан кейінгі жылдар еліміз үшін өте ауыр болды. Соғыстан оралған батырлардың өмірі қуанышқа толы болды деп айтуға келмейді. Қазіргідей емес кеңес заманында қиыншылық пен жооқшылық қатар келді. Сол кезде жан аямай елдің өркендеуі үшін еңбек еткен әкеміздің өз ісінің маманы деуге болады, - дейді қызы Гүлсімхан Мырзаханова.
Ол әкесіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, жиналған жұртқа ізгі тілегін арнады. Батасын берген Ысқақ қария ел амандығын, ұрпақтың өркендеуін тілеп: "Бұрынғы заман артта қалды, енді жаңа дәуір басталды. Осы жаңа заманда еңбектерің жана берсін, дендерің сау болсын, армандарыңа жетіңдер!" – деп ақ батасын берді.
Кеңес-жапон соғысында да ерлік көрсеткен
Ардагердің ғұмыртарихына үңілсек, өмір белестері сан тарау оқиғаға толы. 1924 жылы Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылында дүниеге келген. Ол небәрі он сегіз жасында майданға өз еркімен аттанған. 1942 жылы Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқа қатысып, 1943-1945 жылдар аралығында Тынық мұхиттың Амур әскери-теңіз флотындағы "Зенит" дивизиясында жауға қарсы күресте ауыр жараланған. Ерлігі үшін оған "Әскери-теңіз флотының үздігі" атағы берілген. Одан кейінгі кезеңде ол Кеңес-жапон соғысында да ерлік көрсетіп, 1947 жылы елге оралып, отбасын құрады.
Кейін Лепсі педагогикалық училищесінде білім алып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарды. 40 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Ысқақ ұстаз білім беру саласында үлкен абыройға ие болды. Ол Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Жуков, "Жапонияны жеңгені үшін", "Ерлігі үшін" секілді медальдармен марапатталды. Сонымен қатар ол – "ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері", Алакөл ауданының Құрметті азаматы, бірнеше мектеп оқулықтарының авторы. Ардагер атамыз өзінің бір естелігінде былайша сыр тартады:
Ол заманда ертеңгі күнін қалай боларе кен деегн уайым санада болмайды. Бәрімізді ажал қуалап жүргендей, оққа оранған далада аман қалу өте қиын. Сонда да үміт жоқ емес, әйтеуір жауды шегіндірсек деген сенім ғана алға жетелейді. Бір үзім нанды бөліп жеген күндеріміз болды. Шаршау дегенді білмей, таңнан кешке дейін окоп қазып, түнде күзетте тұрып, ертеңгі күнге үмітпен қарайтынбыз. Біз үшін "жеңіс" деген сөз – өмірдің өзі еді. Енді осы бейбіт өмірдің қадірін ұрпақ білсе екен. Бір-бірімен ұрыспай, татулықпен өмір сүрсе екен деймін. Ұлттың да, елдің де күші – бірлікте. Қазір бәрі бар: оқу бар, жұмыс бар, тыныштық бар. Соның қымбат екенін, оңайлықпен келмегенін ұмытпаңдар, - дейде Ы.Құсайынов өз естелігінде.
Зайыбы Бақыш Нұратаева да көп жылдар бойы мектеп мұғалімі болып еңбек еткен, "ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері" атағына ие болған педагог. Қызы мен немерелері де ата-әжесінің жолын қуып, білім беру саласында қызмет етіп келеді. Қазір ардагердің 9 немересі, 26 шөбересі және 3 шөпшегі бар.
Былтыр ардагерге облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан бір бөлмелі пәтер берілген болатын. Оны тапсыруға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы барып, әкім Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын жеткізген. Ардагерге шапан жауып, ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілеген. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт те ардагерді құттықтап, оның от пен оқтың ортасынан аман өтіп, бүгінгі бейбіт күнге жеткенін – үлкен бақыт деп атап өтті.
Ысқақ Әбілпейісұлы 1942 жылы 18 жасында өз еркімен әскерге алынып, Амур әскери теңіз флотының "Зенит" дивизиясында қызмет етеді. Ол жерде әскери мамандықты тез меңгеріп, зеректігімен көзге түседі. 1943 жылы "Әскери-теңіз флотының үздігі" төсбелгісімен марапатталған. Сол жылы "Амур флоты" газетінде "Сын Казахстана" деген тақырыппен мақала жарияланып, онда Ысқақ жауынгердің ерлігі, білімге құштарлығы, отансүйгіштік қасиеттері мен қайсар мінезі баяндалған. Бұл мақалада ол өз қатарластарына үлгі ретінде көрсетілген, - дейді журналист Қажет Андас.
Сұрапыл соғыстың бірінде ауыр жарақат алған ол ұзақ уақыт госпитальде емделіп, кейін елге оралады. Туған жеріне келген соң ұстаздық жолды таңдап, талай ұрпақты тәрбиелеуге кіріседі. Ол Алакөл, Сарқан, Бөрлітөбе аудандарында ұстаздық етіп, бірнеше мектептің директоры қызметін атқарды. Жаңа мектептердің ашылуына бастамашы болды. Осы еңбектері еленіп, ол "ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері" атағын иеленді.
Жұбайы Бақыш Әзбекқызы да білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, ерен еңбегімен көзге түсіп, жоғары атақтарға ие болды. Ысқақ Құсайынов ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен Еңбек Қызыл Ту орденіне, "Еңбек ардагері", "Тынық мұхит флоты ардагері", "Ерен еңбегі үшін" медальдарына ие болған. Ол – Алакөл ауданының Құрметті азаматы.
Соғыс ешкімге оңай соқпайды. Қанша адам оралмай қалды, қанша ана баласын күтіп, қаралы хабар алды… Біз аман қалғандар – солардың аманаты секілдіміз. Қазір сол бір қиын кезең артта қалды. Бірақ соғыс көрген адам оның ізін ешқашан ұмытпайды. Қазір бәрі тыныш, ел аман, жұрт бейбіт өмір сүріп жатыр. Осы тыныштықты сақтап қалу – жастардың қолында. Елді сүю – тек ұран емес, ол – күнде таңертең тұрып, адал еңбек ету. Тарихты біліңдер, өткенді ұмытпаңдар. Өйткені ол – болашаққа сабақ, - дейді облыстық Ардагерлер алқасының төрағасы Ермек Келімсейіт.
Ысқақ атаның өмір жолы жайлы деректер мен суреттер Хабаровск мұражайында сақтаулы тұр. Бүгінгі таңда ол – жүзден асқан, әлі де тың жүретін ардагер. Құттықтап келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, "Мен көрген бейнетті сендер көрмей, зейнетін көріңдер" деп ақ тілегін білдіреді. Жетісу жерінде өтетін үлкен шараға қатысады деп жоспарланып отыр.