Соғыста 9-шы және 13-ші гвардиялық полктердің автоматшылар ротасын басқарып, Польша, Литва, Латвия, Эстония жерлерін жаудан азат ету шайқастарына қатысқан майдангердің ерлігі ел жадынан өшпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Бауыржан Момышұлымен бір күнде жараландық
Сұрапыл соғыстың өткеніне ғасырға жақындады. Алыптардың қатары жоққа таяды. Бүгінде Жетісу жерінде сол қанды майданды көзбен көріп, азабын кешкен алыптардың үшеуі ғана қалды.
Соның ішінде ел ішінде есімі ерекше аталатын Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Сәрсенбай Қантарбай қарияны білмейтін жетісулық жоқ. Күні бүгінге дейін жастарға батысын беріп, жиын-тойда ақ тілегін арнап отырады. Майдандастары жайлы сыр тарқатса таңға дейін тебіренуге бар. Көзбен көрген, қолмен ұстаған естеліктері бүгінгі ұрпақ үшін аңызға парапар әңгіме секілді. Алайда батыр көзіне жас алып отырып тарқатқанда, жаныңыз балқиды, көңіліңіз толқиды.
Сәрсенбай Қантарбай 1924 жылы мамырдың 10-ыншы жұлдызында Жетісу өңіріндегі Балпық би ауылында (сол кездегі Дүнгене) дүние есігін ашқан. 1942 жылы майданға аттанып, Аягөздегі алғашқы қазақ полкінде алты ай әскери дайындықтан өтіп, сержант атағын иеленеді. Сөйтіп, майдан даласындағы алғы шепке жіберіледі. Бір жылдан соң аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы басқарған даңқты дивизияның сапына қосылады. Сұрапыл соғыс жылдарында жауынгердің мойнына артылған ең жауапты міндеттердің бірі – кеңес армиясының алғашқы зымырандық қаруы «Катюша» қондырғыларын күзету еді. Бұл аса құпия тапсырма болатын. Оны аса ыждаһаттылықпен орындайды.
Біз, осы міндетті мойнына алған жауынгерлер, «Катюша» туралы бір ауыз сөз айтпауға ант бердік. Бұл – мемлекеттің ең құпия қаруы еді. №49 «Катюшаны» күзеттік, олар ешқашан бір орында он бес минуттан артық тұрмайтын. Атыс аяқталысымен, жау көзінен таса ұстау үшін дереу жаңа орынға көшірілетін. Соғыс біткенше осы қатаң тәртіп сақталды. Сол заманда бұл құпияны тысқа шығармауға ант еттік. Ант – Құдай алдындағы сөз. Ол заманда «Катюшаның» «к» деген әріпін айтуға болмайды. Ұлттың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы қатал да, әділ адам ғой. Бұйрық береді. Артыңда Отаның, әке-шешең, елің-жұртың тұр деп жігерлендіреді солдаттардың бәрін. Күндіз тоғайдың ішіне кетіп қалады. Қай жерге жау әскері көп жиналады, соны атады. Күндіз тоғайдың ішіне кетіп қалады. Солай жауды тұқыртып отырдық, дейді соғыс ардагері.
Бауыржан Момышұлының әскери тәртібі мен қайсар мінезін ерекше құрметпен есіне алған ол, командирінің мына бір сөзін санасында мәңгілікке сақтап қалғанына қайран қаласыз: “Төзімді болыңдар! Артымызда – туған жер, ата-анамыз, бала-шағамыз, елдің үміті тұр!”. Бұл Бауыржан Момышұлының әр сарбаздың санасына сіңірген соғыс ұранындай рухты сөзі.
1942 жылы бозбала шағында майданға аттанып, Аягөзде алғашқы қазақ полкінде алты айлық әскери дайындықтан өтті. Сержант шенін алған соң, соғыс даласының ортасына бірден кірді. 1943 жылы Түрікменстанның Мары қаласындағы пулемет училищесінде білім алды. Кейін 497-ші, 500-ші, 9-шы және 13-ші гвардиялық атқыштар полктерінде автоматшылар ротасының командирі болып, Польша, Литва, Латвия, Эстонияны азат ету ұрыстарына қатысты. 1944 жылдың қаңтарында Германияның Гумбиннен қаласындағы қанды шайқаста ауыр жараланып, госпитальге түседі. Жарақаттанған сарбаздардың қатарында Бауыржан Момышұлы да болған.

Баукең – Сөзі мірдің оғындай, тұла бойы тұнған қайсарлық, өжет те намысшыл қолбасшы бола білді. Ол кісі жайлы айта берсеңіз жалықпайсыз. Нағзы кешегі батыр бабаларымыздың сарқытындай болмысы тұнған рух еді. Әр жауынгердің тағдырына алаңдап, қамқорлық танытып отыарты. Бұл соғыс уақытында бізге де сенім сыйлады. Бірақ тәртіп пен талаптан ешкімді тыс қалдырмайтын. «Жаудың алдында тайсақтауға болмайды! Артымызда – Отан, артымызда – бізді күткен ата-ана, жар, бала-шаға бар. Солардың амандығы үшін күресеміз!» – дейтін даусын зорайтып. Бұл сөз бізді жігерлендіріп, бойымызға от берді. Талай сарбаз сол отты сөзге жылынып, жеңіспен оралып отырды, -деп еске алады өткен күнді майдангер.
Жаужүрек сарбаз ұрыс даласында табандылығымен көзге түсіп, екінші әскери жылында Бауыржан Момышұлы басқарған даңқты дивизияның қатарына қосылған. Бұл оның жауынгерлік тағдырындағы ең шешуші кезең еді. 1944 жылдың қаңтарында Гумбиннен қаласы үшін болған қиян-кескі шайқаста ауыр жараланып, 24 маусым 1945 жылға дейін госпитальда ем қабылдайды. Бұл оның соғыс аяқталар тұста алған ауыр жарақаттарының бірі еді. Ұрыстың соңғы сәттерін көзбен көрмегеніне қапаланса да, майдандастарының жеңіске жетуде бар қайратын аямағынына сенімді.
Иә, 9 мамыр – халқымыздың жүрегіне мәңгілік мөр басқан қастерлі күн. Бұл – еркіндіктің қанмен суарылған құнын еске салып, әрбір азаматтың кеудесіне алғыс пен тағзым сезімін ұялататын ұлы мейрам. Бұл – от пен оқтың ортасында жауға қайыспай қарсы тұрған батырларға арналған шексіз ризашылық күні. Сол бір қара бұлт торлаған шақта ел намысы үшін шыбын жанын шүберекке түйген ерлердің қаһармандығы ғасырлар өтсе де көмескіленбек емес.
Өйткені олар – рухы мызғымас ұрпаққа аманат етілген шынар биігіндей тұлғалар. Сондай ұлы ерліктің шырақшысы, майданның сұрапылында шыңдалып, Жеңіс жырын қанымен жазған қаһарман – Сәрсенбай Қантарбай жайында сыр шертудің өзі үлкен мәртебе секілді. Ол – қайсарлықтың қамалын тұрғызған жауынгер, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сенімді серігі, азаттықтың ақ таңын жақындатқан батырлардың бірі саналған. Сол күндерді өзі сағынатынын жасырмайды.
Біз Бауыржан Момышұлымен бір күнде жараландық. Ол күн әлі есімде, күннің қақаған суығы 21 қаңтар болатын. Оны омыртқа тұсынан жаралады, ал менің бөлімімде дәл сол күні 12 автоматшы ауыр жараланған еді. Бәрімізді бір ұшаққа тиеп, Владимир облысының Кальчугино қаласындағы госпитальге жіберді. Сол жерде алты ай емделіп, жеңісті қарсы алдық. Кейін Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысу бұйырды. Біз бір атаның балаларындай күрестік. Даңқы сәттер мен азапты күндер әлі де санамда жаңғырады, - дейді ардагер.
Жеңіс оңайлықпен келмейді
Ғасырдың биігіне шыққан батырдың ғұмыртарихы соғысқа дейініг, соғыстан кейінгі деп екіге бөлінеді. Соғыс аяқталған соң ел ішінде түрлі қызметтер атқарып, елдің дамуына өз үлесін қосқан. Бүгінде І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері, Жетісу облысы Көксу ауданының құрметті азаматы саналады. Елін жаудан қорғап, жеңіс туын желбіреткен сардар бейбіт күнде де қол қусырып отырған жоқ. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, қарапайым еңбек адамы атанды. Елге қызмет етудің басқа жолын таңдап, әуелі пошташы, кейін ұстаз болып, ұрпақ тәрбиесіне араласты. Шаңырағының түтінін түзу ұшырып, тәрбиелі ұл-қыз өсірді.
Біз, ардагерлер, өмірдің талай өткелінен өттік, тағдырдың талай соқпағына тап болдық. Сұрапыл жылдар мен ауыр кезеңдердің салмағын сезініп, сол күндердің күрескері болдық.Соғыстан кейінгі өмір де оңай болған жоқ. Бірақ барлық қиындыққа мойымай, азаттықтың ақ таңын аңсадық, егемендіктің ертеңіне үміт арттық. Бүгін сол арманымыз орындалды – тәуелсіздік алдық, бейбіт күннің бақытына кенелдік. Енді біздің тілегіміз – осы жарық күннің мәңгі сөнбеуі, ел ертеңі саналатын жастарымыздың ешбір ауыртпалық көрмеуі. Жастар – ұлттың тірегі, мемлекеттің алтын қазығы. Олардың жігері – еліміздің күші, олардың білімі – ұлтымыздың келешегі, олардың адалдығы – тәуелсіздігіміздің кепілі. Біз болашақ ұрпақтың саналы, рухты, елін сүйетін азамат болып қалыптасарына кәміл сенеміз. Өйткені олар – азат елдің ұландары, бейбіт күннің белсенділері. Әрқайсысының жүрегінде отансүйгіштік оты лаулап, бойында ұлы далаға деген шексіз махаббат тербеліп тұрса, қазақ жерінің болашағы жарқын болары сөзсіз. Тек сол еркіндіктің ақ таңын көру бақыты бұйырсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын! - дейді қария.
Бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп, шапағатты ғұмыр кешуде. Жастайынан маңдайына жазылған ауыр сынақтарға мойымай, қажыр-қайратын қамшылаған бұл батыр – жастарға бағыт-бағдар берер темірқазық іспетті. Өмірдің әр сәтін бағалап, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, батасын беріп келеді. Ол – тек майданның даңқты сарбазы ғана емес, бейбіт күннің ақылгөй абызы. Жылдар жылжып, ұрпақ алмасқан сайын елдің азаттығы үшін жанын берген ерлердің есімі ұмытылмақ емес. Олар – жеңіс шежіресін алтын әріппен жазған қырандар. Тобықтарынан қан кешкен ардагерлеріміз - келешектің баянды болуы үшін найзағайдай жарқылдап, қан майданда кеуделерін оққа төсеген жаужүрек батырлар. Олардың әрбір төгілген қаны, әрбір жанкешті ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің кірпішін қалаған қасиетті құндылық.
Биыл ұлы жеңістің 80 жылдық салтанаты сейілмей жатып, 10 мамыр күні Талдықорған топырағының ардақты перзенті Сәрсенбай Қантарбай ғасырлық мерейтойын атап өтпек. Ол – аңыз тұлға, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сенімді серігі, ел мен жерді қорғау жолында жанын шүберекке түйген ерлердің бірі ретінде ғана емес, жерлесіміз ретінде де қадірлі қария. Қарт майдангер әрбір 9 мамырды ерекше толқыныспен қарсы алады. Соғыстың сұрапыл жылдарын көз алдынан өткізіп, қаһармандық пен қайсарлықтың шынайы мәнін бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп айтып беруден жалыққан емес.
.jpeg)
Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлар бойғы асқақ арманы, талай боздақтың жанымен, қанымен келген қасиетті құндылық. Бұл – өткеннің өшпес ізі, келешектің кемел кепілі. Біз сол қиын кезеңдерді көзбен көріп, өзегімізден өткерген буын ретінде бейбіт күннің қадірін терең сезінеміз. Осы азаттықтың мәнін келер ұрпақ та ұғынып, оның әр сәтін бағалай білсе дейміз. Біз бүгінгі жастарға зор сенім артамыз. Олар – ұлы даланың ертеңі, елдің айбары мен намысы. Саналы да рухты, білімді де батыл, ізденімпаз да еңбекқор ұрпақ қана мемлекеттің негізін бекемдейді, тәуелсіздікті нығайтады. Біз олардың күш-жігеріне, патриоттық рухына сенеміз. Себебі олардың қолында елдің келешегі, мемлекеттің жарқын болашағы тұр. Ендігі күніміз соғыссыз тыныш өтуін тілеймін. Болашақ ұрпақ біздің көргенімізді көрмесін. Қиын күндер ұрпағымыздың маңдайына жазылмасын, тыныштықтың туы биік желбіресін, тәуелсіздігіміз баянды, егемендігіміз мәңгі болсын! - дейді ақсақал тебіреніп.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қан кешіп қайтқан жауынгер бейбіт өмірдің де бел ортасынан табылды. Ол ұстаздықты таңдап, туған жерінің балаларына білім мен тәрбие берді. Ақ жүректі, абзал ұстаздың өнегелі жолы талай жастың санасына сәуле құйды. Отан үшін от кешкен ер жанұялық өмірде де асқар тау әке, қамқор ата бола білді.
Текті әулеттің тірегіне айналып, бүгінде жиырмадан астам немере мен шөберенің қадірлі ақсақалы атанған. Ғасырды артқа тастаған жауынгер бүгінгі бейбіт күннің әр сәтіне шүкіршілік етіп, өсіп-өнген ұрпағының шат күлкісіне шомылып, ақ батасымен ұрпақты ұлағатқа жетелеп келеді. Сәрсенбай Қантарбайдың ерлік пен еңбекке толы ғұмыры – елге аманат, келер ұрпаққа үлгі болары даусыз.
Ақмарал Қайрат