АҚШ президенті Дональд Трамп елдің Қорғаныс министрлігін "Соғыс министрлігі" деп қайта атау жөнінде жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, қазіргі әлемдік жағдайды ескерсек, мұндай атау анағұрлым орынды.
Ақ үйде сөйлеген сөзінде Трамп әскери ведомствоның атауын өзгерту – бұл күш пен жеңістің нышаны екенін атап өтті. Ол бұл қадам арқылы АҚШ-тың қарсыластарына да, одақтастарына да нақты белгі жолдағанын айтты.
Біз – қуатты елміз. Біздің күшімізді ешкім толық елестете алмайды. Әскеріміз бен қару-жарағымыз бойынша АҚШ-пен бәсекелес бола алатын мемлекет жоқ, – деді Трамп.
Жарлыққа сәйкес, АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет енді "Соғыс министрі" деген титулды қолдана алады. Оның сөзінше, бұл атау өзгерісі – жай ғана сөз емес, әскери рухты қайта қалпына келтіру.
Барынша соққы беретін күш, әлсіз заңдылық емес. Қатал қуат, саяси корректілік емес. Біз қорғаушыларды ғана емес, нағыз жауынгерлерді тәрбиелейміз, – деген Хегсеттің сөзін америкалық БАҚ таратты.
Атауды ресми түрде өзгерту үшін АҚШ Конгресінің мақұлдауы қажет. Республикалық партия сенаторлары Майк Ли, Рик Скотт және Грег Стьюб тиісті заң жобасын енгізіп үлгерді. Ал Демократиялық партия өкілдері Дональд Трамптың бастамасын қымбат әрі назарды басқа мәселелерден алаңдататын қадам деп бағалады. Сыншылардың айтуынша, министрлікке бүкіл әлемдегі әскери нысандардағы форма, эмблема мен жазуларды жаңартуға миллиардтаған доллар жұмсауға тура келеді.
АҚШ Қорғаныс министрлігі дәстүрлі түрде орналасқан ғимаратының бесбұрышты пішініне байланысты "Пентагон" деп аталады. Бұл ведомство қазіргі күйінде 1947 жылдан бері бар. Ол кезде Әскери-теңіз министрлігі, Құрлық әскері министрлігі мен Әскери-әуе күштері министрлігі біріктірілген болатын.
Аталған соңғы екі ведомство кезінде біртұтас "Соғыс министрлігі" аталған. Ол 1789 жылдан бері жұмыс істеп келген. 1947–1949 жылдары "Ұлттық әскери ведомство" деп аталып, кейін 1949 жылы қазіргі "Қорғаныс министрлігі" атауын алған еді.