Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны қарызын өтеу үшін бір үйір жылқы ұрлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желтоқсан айының басында Мұғалжар ауданы аумағында еркін жайылымнан 13 бас жылқы ұрланған. Шаруа қожалығының басшысы келтірілген материалдық шығынды 9 миллион теңгеге бағалаған.
Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар күдікті Темір ауданының тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Тергеу барысында күдіктінің қараусыз жайылып жүрген жылқыларды қораға айдап әкелгені, кейін оларды өзіне шарт бойынша сеніп тапсырылған, бірақ бұрын жоғалып кеткен малы бар адамдарға таратып бергені анықталды. Жылқылардың бір бөлігі полиция қызметкерлері тарапынан тәркіленді, алайда кейбірін ауыл тұрғындары соғымға сойып үлгерген, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша мал ұрлығы белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.