Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франция спортшысы Жюли Помагальски швейцариялық Альпіде достарымен бірге қар көшкінінің астында қалып, қайтыс болды.
Швейцариялық Альпіде бұрынғы әлем чемпионы - француз сноубордшысы Жюли Помагальски қар көшкінінің астында қалып, опат болды. Бұл туралы Францияның Ұлттық Олимпиадалық комитеті Тwitter-дегі парақшасында хабарлады.
Айтуынша, Помагальски Ури контонындағы тау бөктеріне достарымен бірге шаңғы тебуге барған. Салдарынан спортшымен қоса тағы екі адам қар көшкінінің астында қалып қойған. Олардың денелерін ұшақпен барлау жүргізген құтқарушылар тобы тапты.
Айта кетейік, спортшы 2002 және 2006 жылдары қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан, сонымен қатар 1999 жылы сноубордшылар разрядында әлем чемпионатына қатысып, алтын медаль еншілеген.