Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жарылыстар болған Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы мейрамхана маңында снарядтары бар күзетілмейтін қойма табылды.
Жамбылдық журналист Данияр Әлімқұл үйіліп жатқан снарядтарды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.
Байзақ ауданы тұрғындарының айтуынша, бұл жерге снарядтар жарылыс болған Арыстағы қоймадан жеткізілген. Сол жақта жинақталған снарядтарды бөлшектеп, ішінен қорғасынын және басқа бөліктерін алып, өткізеді екен. Өзін көрсеткісі келмеген тұрғындар бұл жұмыссыз жүрген адамдар үшін табыс көзі болғанын айтты, - дейді ол видеода.
Кадрлардан үйіліп жатқан снарядтарды анық көруге болады.
Бұл снарядтарды ұстауға болмайды. Арасында жарылып кету қаупі бар снарядтар да бар. Бұл – Байзақ ауданы, Сарыкемер ауданындағы белгісіз қойма. Тау болып үйілген жарылғыш заттардың көбі босатылған, кейбірі босатылмаған. Себебі оларды бөлек жинап қойыпты. Бұл қайдан келген жарылғыш заттар? Неге бұл жер қоршалмаған?, – деді видео авторы.
Журналист мейрамханаға кіріп, қойманың иесін де сұхбатқа тартып көрді. Алайда қойма «иесі» журналистің қойған сұрақтарына дөрекі жауап беріп, не себепті түсіріп жүргенін сұрады.
Қорғаныс министрлігі снарядқа ұқсас темір заттың Байзақ ауданында неліктен шашылып жатқанына қатысты түсініктеме берді.
2021 жылдың 1 маусымында Байзақ аудандық полиция бөліміне Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы мекенжайы бойынша өндірістік база аумағынан көптеген оқ-дәрі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сол күні аталған дерек Байзақ ауданының ПБ ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді, - делінген министрлік хабарламасында.Мәліметке сәйкес хабарламаны тексеру барысында өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-не тиесілі екені анықталды. Оның аумағында қара сынықтар (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған.
Аталған металды «Бақтияр-Group» ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы Арыс қаласында «Қазақтехнология» АҚ металл қоймасынан жасалған шартқа сәйкес сатып алды.
«Бақтияр-Group» ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекен жайы: Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тіркелген заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар, - деді министрлік.Айта кетейік, Байзақ ауданында болған қайғылы оқиға салдарынан 14 адам опат болып, 90-нан астам адам жарақаттанған еді.