Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов геологиялық барлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта ел аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін шамамен 1 млн 324 мың шаршы шақырым алаң қарастырылған. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 1 млн 65 мың шаршы шақырым жер қойнауы қосылған, тағы 259 мың шаршы шақырымы қосылады.
Геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту, пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында жер қойнауын пайдалану үшін еліміздің барлық қолжетімді аумағын ашу жоспарланып отыр.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда тиісті түрде орындалмауына байланысты кен орындарын игеруге қатысты 31 келісімшарт бұзылып, 101 лицензияның күші жойылды. Қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауына талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр – анықталған бұзушылықтар реттелмесе, келісімшарттар бұзылады және инвестиция тарту үшін аукционға шығарылады.
Премьер-министр жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды тексеріс жұмыстарын жеделдетуді және пайдаланылмайтын кен орындарының нақты тізбесін айқындауды тапсырды.