Смайылов Үкіметке халық табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды

12 Қаңтар 2022, 10:36
1487
Бөлісу:
Смайылов Үкіметке халық табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік блок бойынша министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді.

Смайылов әлеуметтік қорғау және еңбек саласын сапалы жаңарту жұмысын жүргізуді тапсырды.

Еңбек министрлігі жұмысқа орналасуды және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтап, әлеуметтік қорғау және еңбек саласын сапалы жаңарту жұмысын жүргізсін. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін арттыру бойынша шаралар қабылдасын. Ұлттық экономика және Еңбек министрліктері бір ай мерзімде Халық табысын арттыру бағдарламасының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізсін, – деді ол.

Сондай-ақ Премьер-министр Білім министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер жетпейтін өңірлерге үздік ұстаздарды тарту бағдарламасын әзірлеуді бұйырды.

Бұған қоса, беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын, оның екеуін батыс өңірде ашу шараларын қабылдасын. Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасында бірінші кезекте батыс өңірлерде техникалық бағыттар бойынша гранттар санын арттыру қажет.  Халық тығыз қоныстанған өңір жастарының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы гранттарды көздеу қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет, Қорғаныс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселесін қарауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы