Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.
Бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін көріп отырмыз. Оны жақында ғана Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында орын алған апаттан да анық байқадық. Апаттың салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Екі өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары айтарлықтай зиян шекті. Олардың көпшілігі 2 тәуліктен артық жұмыс істемей тұрды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты тек үшінші тәулікте ғана іске қосылды. Өткен жылыту маусымы да шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың көп екенін көрсетті. Барлық инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет. Себебі, олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-министр сондықтан тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты ұсынылғанына тоқталды.
Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Әлихан Смайылов.