Премьер-министр Әлихан Смайылов Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысу үшін Тараз қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Нұрбол Жүнісбеков және Ербол Қарашөкеевтің кандидатурасын қарауға ұсыну туралы хатын оқыды.
Ашық дауыс беру қорытындысына сәйкес 142 депутат Е. Қарашөкеевтің кандидатурасын қолдады. 47 депутат Н. Жүнісбековті қолдап дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 189 депутат қатысты.
Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта өңірдің құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
Үкімет басшысы өңірдегі жұмыстың басым бағыттарының бірі халық пен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты ирригациялық желілерді салу, су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеу және жаңа суармалы жерлерді іске қосу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу талап етіледі.
Сондай-ақ Премьер-министр Үкімет Жас өркендегі гидроқұралды жаңғыртуға қажетті қаражат бөлгенін еске салды.
Келесі жылы 3 ірі су қоймасын салуға бюджетте тиісті қаражатты көздедік. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен шағын су қоймаларын салу керек. Аралық кезеңде суды жинауымыз керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Тағы бір маңызды бағыт – тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Бұған қазіргі нақты жағдайды ескере отырып қабылданған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы айтарлықтай ықпал етеді. Әлихан Смайылов атап өткендей, өңір экономикасын әрі қарай әртараптандыру өте маңызды. Мәселен, жаңа ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты Әлихан Смайылов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 6,5 мың балаға арналған жаңа форматтағы 7 білім беру мекемесін салу жоспарланғанын еске салды. Бұл оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысыммен оқытуды және тозығы жеткен мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Облыстың жаңа әкімі мен барлық жергілікті атқарушы орган өкілдеріне Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауда табыс тілеймін, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.