Смайылов Шымкент қаласының жаңа әкімі алдына міндеттер қойды

5 Қыркүйек 2023, 17:00
641
Бөлісу:
Смайылов Шымкент қаласының жаңа әкімі алдына міндеттер қойды
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкентке барып, қалалық мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиын барысында депутаттарға қала әкімі лауазымына екі үміткер – Рашид Мыңбаев пен Ғабит Сыздықбеков таныстырылды. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тиісті хатын оқып берді.

Ашық дауыс беру нәтижесінде 10 депутат Р. Мыңбаевқа дауыс берді, 19 депутат Ғ.Сыздықбековтің кандидатурасын қолдады. Жиналысқа барлығы 29 депутат қатысты.

Осыдан кейін қала активімен өткен кездесуде Әлихан Смайылов Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан бері 5 жылдан астам уақыт өткенін атап өтті.

Бүгінде қала миллионнан астам халқы бар жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауызсумен, электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін шешу жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер, — дей отырып, тұрғын үй құрылысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы атап өткендей, Шымкент қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс. Ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасап, қаланың дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық беру қажет.

Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс, — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-Министр халық санының өсуі бірқатар әлеуметтік нысанға түсетін салмақты арттыратынын атап өтті. Осыған байланысты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланып отыр.

Оған қоса Әлихан Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан жаңа Студенттер сарайы мен Шымкент қалалық опера және балет театры құрылысының маңызын атап өтті.

Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру маңызды міндеттердің бірі болып отырғаны атап өтілді. Бұл бағытта қолдағы реттеу және бақылау тетіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ қатар ішкі нарықты сапалы отандық тауарлармен толықтыру қажет. Қалалық сауда-логистикалық орталықты кеңейту де осы мақсатқа жетуге ықпал етпек.

Қорытындылай келе, Премьер-министр жаңа әкімге және барлық жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттерді жүзеге асырудағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өзгелердің жаңалығы