Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға баса назар аудару қажет. Президенттің Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, алдағы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 15,3 млн шаршы метрін биыл аяқтауымыз қажет. Алайда өткен жылдың нәтижесін алып қарайтын болсақ, өңірлерде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендеп кеткені байқалады. Осыған байланысты министрлік бақылауды күшейтіп, жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етуі тиіс, - деді Премьер-министр ведомствоның алқа отырысында.
Айтуынша, Үкіметке жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу тапсырылды.
Аталған құжатты сапалы және уақтылы әзірлеу керек. Былтыр тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық желілерін салу және жаңғырту жұмыстарының арқасында олардың тозу деңгейі 51 пайыздан асқан жоқ. Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2029-шы жылдың соңына қарай 40 пайызға дейін төмендетуіміз керек, - деді Әлихан Смайылов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге болмайтынын ескерткен еді.