Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдар басшылығының қатысуымен өнеркәсіп, жылу энергетикасы, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Үкімет басшысының 2022 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың басым бөлігінің орындалғаны атап өтілді. Сонымен бірге кейбір инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Үкімет тарапынан қаражат уақтылы және толық көлемде бөлініп жатыр. Әкімдік жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Ол су объектілерінің ластануына жол бермеу мақсатында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жөнінде тиісті шаралар қабылдау тапсырылғанын еске салды.
Әкімдік және құзыретті министрлік толық құжаттамасы бар жобаларды биыл іске асыруға кірісуі тиіс. Жоспарланған жобалар бойынша құжаттаманы әзірлеуді және конкурстық рәсімдерді өткізуді жеделдету қажет,— деді Премьер-министр.
Кеңестің күн тәртібіне көшкен Әлихан Смайылов былтыр қолайсыз табиғи-климаттық жағдайларға байланысты агроөнеркәсіптік кешен үшін ерекше күрделі жыл болғанын атап өтті.
Осыған қарамастан, өңірде 4 млн тоннаға жуық дәнді дақылдар жиналды. Биылғы жылға облыс фермерлері үшін бюджеттен 57 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 38 млрд теңге субсидия түрінде бөлінген. Әкімдік көктемгі егісті жүргізу үшін барлық шараларды уақтылы қабылдауы қажет, — деді ол.
Премьер-министр өңірдің климаттық жағдайлары мен экономикалық тұрғыдан мақсатқа сәйкестігін ескере отырып, ірі сүт-тауар фермаларын дамытуға қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға «Ауыл аманаты» жобасы да өз септігін тигізеді.
Үкімет Қостанай облысына биыл осы жобаны іске асыруға өткен жылмен салыстырғанда 2 еседен артық қаражат бөлді. 2023 жылы бөлінген қаражат есебінен 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Ағымдағы жылы кем дегенде 600 жұмыс орын құру жоспарлануда. Әкімдік кредиттер беріп қана қоймай, қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын да ынталандыруы қажет, — деп тапсырды Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы биыл жалпы құны 127 млрд теңге болатын 13 өнеркәсіптік инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты ол әкімдіктен жоспарланған жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді және тиісті инфрақұрылымды жүргізуді ескере отырып, индустриялық аймақты кеңейту мәселесін пысықтауды талап етті.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбырын салу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және QazaqGaz-бен бірге осы бағытта жұмысты жеделдетуі қажет. Әкімдік өңірді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етуді ескере отырып, инвесторлармен олардың жобаларын іске асыруды үйлестіру бойынша жұмыс жүргізуі тиіс, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар былтыр тамыз айында Үкімет Амангелді және Жангелді аудандарын, Арқалық, Жітіқара және Лисаков моноқалаларын дамытудың кешенді жоспарларын бекітті. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 78 млрд теңге қарастырылған.
Бұл қаражат, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Әкімдік барлық іс-шаралардың сапалы және уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі керек, — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ кеңес барысында логистиканы дамыту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, 2023 жылы өңірдің автожол саласының бюджеті 56 млрд теңгені құрады. Бұл қаражатқа елді мекендердің арасындағы 700 км жолға және елді мекендердегі 299 көшеге жөндеу жүргізілді. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 66 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Өңір үшін маңызды жоба «Қостанай – Денисовка» автожолы күрделі жөндеуден өтті. Республикалық автожолдар учаскелері бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Олар – «Ұзынкөл – Троебратское», «Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы» және Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі автожолдар. Ағымдағы жобалар аяқталған соң алдағы уақытта «Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолын реконструкциялау жоспарлануда,— деді Премьер-министр.
Денсаулық саласын дамытуға қатысты Әлихан Смайылов бұған дейінгі жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде облыстық перинаталдық орталық салу және Тобыл қаласында емхананы қаржыландыру мәселелерінің пысықталғанын атап өтті.
Жыл соңына дейін әкімдік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып емхананы пайдалануға беріп, перинаталдық орталықтың құрылысын бастауы керек, — деді Үкімет басшысы.