Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияларда балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
Балалардың білім алып, жан-жақты дамуына, демалысы мен медициналық қызмет алуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеті. Біз жүздеген мектеп, балабақша мен мәдени және спорт нысандарын салып жатырмыз. Мұның бәрі балалардың толыққанды дамуы үшін қажет, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Сымайлов Балалар жылы өтетін кешенді іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы Балалар жылының құрметіне шығармашылық, зияткерлік және спорттық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары 30 мың оқушының қатысуымен «Алматы – фест» фестивалін ашады. Барлық өңірде балаларға арналған мерекелік іс-шаралар басталады. Балалар жылының барлық іс-шарасы нақты орындалуы тиіс. Балаларды қорғау күні қашан да жазғы сауықтыру компаниясының бастамасы болған, - деді Премьер-министр.
Әлихан Смайыловтың атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі қолайлы жаз мезгілін барынша тиімді пайдаланып, кешенді шараларды қабылдау керек.
Балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды және негізгі жайтты ескеру қажет. Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияларда балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
Балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс. Ішкі істер, Білім және Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің жұмысын осыған жұмылдыруы керек, - деп түйіндеді Премьер-министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту мақсатында Білім, Мәдениет және спорт министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне мемлекеттік білім беру, спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша ақпараттық жүйелер интеграциясын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл секциялар мен үйірмелердегі нақты жағдайды көруге, сондай-ақ олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, барлық өңір әкімдеріне Балалар жылына арналған іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырамын, - деді Премьер-министр.