Смайылов ғылымды дамыту жөнінде тапсырма берді

14 Ақпан 2023, 12:40
715
Бөлісу:
Смайылов ғылымды дамыту жөнінде тапсырма берді

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде ғылымды дамыту үшін әріптестеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді. Ғылымды дамыту тұжырымдамасы бүкіл ғылыми қоғамдастықпен бірге іске асырылады. Сонымен бірге бүгінде қоғам ғылыми-технологиялық саладан     нақты өзгерістерді, ғылыми жаңалықтардың нақты экономикада қолданылуын күтіп отыр, - деді Смайылов.

Үкімет басшысы ғылыми зерттеулердің нәтижесін арттыру, оның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс қажеттігін айтты. 

Ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландырудың тиімділігін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми ұйымдар мен     кәсіпорындардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың     белсенді алаңдары мен механизмдерін құруы қажет. Сондай-ақ ең перспективалы ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың  үлесін арттыру қажет. Бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салаларды атап көрсетуге болады, - деп айтты ол.

Премьер-министр ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Парламентпен жеке инвестициялар үшін қосымша преференциялар енгізуді пысықтау жұмыстарын жеделдету қажет екенін атап өтті. Сөзінше, бұл ғылым саласының заңнамалық базасын қайта қарауды     талап етеді. 

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу қажет. Осыған байланысты Ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Заң жобасы шеңберінде ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін, олардың экономикалық әсерін арттыру жөнінде нақты шаралар көздесін. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың жаңа механизмдерін, оның ішінде     жобаларды кеңейтіп, инвестициялар тартуды және кедергілерді жоюды ескере отырып, ғылымды дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасын өзектендіру қажет, - деді Смайылов.

Сонымен қатар «Атамекен» палатасымен бірлесіп, еліміздің жетекші университеттері мен ірі кәсіпорындарының жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен технологиялық парктерді құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы