Смайылов ЭЫҰ кеңістігінде көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын күшейтуге шақырды

9 Қараша 2023, 17:18
521
Бөлісу:
Смайылов ЭЫҰ кеңістігінде көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын күшейтуге шақырды
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Өзбекстанға жұмыс сапары аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов ЭЫҰ тек мүше елдер үшін ғана емес, сонымен бірге жаһандық экономика үшін де маңызды саналатын әлемнің орасан зор табиғи ресурстар қоры бар стратегиялық аймағын біріктіретінін атап өтті.

Жалпы ЭЫҰ елдері шамамен 500 млн халқы бар 8 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр және жалпы ішкі өнімі $2 трлн-ды құрайды.

Бұл халықаралық аренада Экономикалық ынтымақтастық ұйымының беделін одан әрі арттыру үшін биік мақсаттар қоюға мүмкіндік беретін Ұйымның маңызды экономикалық әлеуетін айғақтай түседі, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттарының бірі өңіраралық сауданы ынталандыру болуға тиіс.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЭЫҰ елдерімен тауар айналымы 40%-ға өсіп, $16,5 млрд-қа жетті. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында тауар айналымы 3%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін Қазақстан Ұйымның әрбір еліне қосымша орта есеппен 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын, — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы елімізде өңделген және азық-түлік өнімдерін тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін трансшекаралық хабтарды салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатқанын айтты.


Мәселен, заманауи сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы негізгі жобалардың бірі – Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік ынтымақтастық орталығы. Осындай өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен Қырғызстанмен шекарада да салынбақ.

Сонымен қатар біз бірлестігіміздің аясында шекарамыздың периметрі бойынша Қазақстанда құрылған және жұмыс істеп тұрған уақытша сақтау қоймаларын пайдалану арқылы байланыстарды кеңейтуді ұсынамыз, — деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, ЭЫҰ-ға мүше 10 мемлекеттің жетеуінің дүниежүзілік мұхитқа шыға алмайтындығына байланысты аймақтың өзара көлік байланысын дамыту маңызды.

Бүгінде Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық бере отырып, инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді түрде қатысуда. Оның әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия мемлекеттері 2027 жылға дейін «тар» жерлерді синхронды жою және Орта дәлізді дамыту бойынша Жол карталарын іске асыруда.

Олар маршруттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, Өзбекстаннан Қазақстанның батыс аймақтарына тікелей қатынасты қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Шалқар» автожолы салынады, ол 8-ші ТРАСЕКА жол дәлізін құру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді.

Каспий теңізіндегі порттарымыздың әлеуетін белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Ақтау портында контейнерлік хаб және Құрық портында “Саржа” көпфункционалды терминалы салынады. Орталық Азия елдері үшін Қытаймен өткізу пункттерінде бөлек станциялық жолдарды салу жоспарлануда. Біз бұл бағыттағы жүк айналымын жүйелі түрде арттырып, 2030 жылға қарай оны жылына 500 мың контейнерге жеткізуді көздеп отырмыз, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр оған қоса Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтты. Осы бағытты дамыту мақсатында Иран, Түрікменстан және Ресеймен бірлестікте тиісті Жол картасы іске асырылуда. Бұл дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға дейін 10 млн-нан 15 млн тоннаға дейін арттырады.

«Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы ЭЫҰ мемлекеттері арасындағы ең қысқа жол ретінде ерекше маңызға ие. Осы жылдың 9 айында аталған бағыт бойынша Иранға қарай жүк ағыны 9%-ға артып, 1,5 млн тоннадан асты.

Жалпы әкімшілік кедергілерді жою, көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын тереңдету мәселелері бойынша бірлескен жұмысты күшейткен жөн, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр ынтымақтастықтың тағы бір маңызды басымдығы ретінде индустриялық кооперацияны айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда ЭЫҰ елдерімен 13 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1 800-ге жуығы өткен жылы ғана қосылды.

Қазіргі уақытта ЭЫҰ елдерімен машина жасау, металлургия, жеңіл және химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және жер қойнауын пайдалану сияқты салаларда жалпы құны шамамен $2,7 млрд-ты құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда. Бизнес-серіктестерді жаңа жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз, — деді Премьер-министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Қазақстан ЭЫҰ қағидаттарына берік және ортақ биік мақсаттарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы