ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Марос Шефчович Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Қазақстан Еуропалық Одақпен инвестициялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі екенін атап өтті.
Сонымен қатар соңғы жылдары аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де өзекті болып отыр.
Әлихан Смайылов былтыр COP-27 конференциясы аясында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен бірге осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын еске салды.
Құжат экономиканың нақты секторларындағы әріптестігімізді нығайту бойынша нақты шараларды көздейді, оның негізгі элементі «жасыл» технологияларды енгізу болып табылады. Бұл осы саладағы ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға қосымша серпін беретіні сөзсіз, — деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Марош Шефчович Еуропалық Одақтың бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықты жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін атап өтті.