ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тараптар республиканың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, Арал теңізі өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға, цифрландыруды жеделдетуге және т.б. бағытталған перспективалы жобаларды іске асыруды егжей-тегжейлі талқылады.
Әлихан Смайылов атап өткендей, Үкімет ел экономикасының одан әрі дамуына ықпал ететін 2020-2025 жылдарға арналған Әріптестік туралы негіздемелік стратегиясының аясында Дүниежүзілік банкпен өзара іс-қимылға үлкен мән береді. Сонымен қатар тиімді аналитикалық және консультациялық құралға айналған Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасын жалғастырудың маңыздылығы айтылды.
Жалпы Қазақстан Үкіметі өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымы бойынша Банкпен әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіреді, - деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Татьяна Проскурякова Дүниежүзілік банктің Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
Бізде өте жақсы бағдарлама қалыптасқан. Өткен жылы біз республика бойынша портфельге шолу жасадық, нәтижесінде көптеген бағыт бойынша өте тиімді өзара іс-қимыл орнатып, көп жетістіктерге қол жеткізгенімізді байқадық. Өзара ынтымақтастықты дамыту перспективалары зор екенін көріп отырмын, - деді ДБ-нің өңірлік директоры.