Смайылов ауыл шаруашылығы саласында атқарылуы тиіс жұмыстарды атады

15 Ақпан 2022, 11:27
1173
Бөлісу:
Смайылов ауыл шаруашылығы саласында атқарылуы тиіс жұмыстарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласы бойынша қандай жұмыс атқарылуы керегін айтты.

Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен,   тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Облыстардың әкімдіктері тиісті технологияларды қолдану арқылы ылғал қорын сақтау және оны үнемдеп пайдалану бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет, - дейді Әлихан Смайылов.

Ол ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын  жылдамдату керегін айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылғы 1 маусымға дейінбірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құра отырып, мемлекеттік қолдау механизмін қайта қарауды және оңтайландыруды, сондай-ақ ақпараттық жүйеге тегін кіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Шаруашылық көлемі мен нысанына қарамастан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін  мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізу және олардың қарсы міндеттемелерін бекіту міндетті шарт болуы тиіс, - деп айтты Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол Президент 2022 жылғы 1 мамырға дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті көлемін бекіту міндетін белгілегенін айтты.

Тапсырманы іске асыру өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ғылыми негізделген тәсілді талап етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылғы 1 сәуірге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті көлемін бекіту бойынша негізгі тәсілдерді ұсынсын, - деп тапсырма берді Министрлер кабинеті басшысы.

Өздеріңіз білетіндей, Президент ауыл халқын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Премьер-министрдің сөзінше, осыған қатысты Үкімет әкімдермен бірлесіп, тиісті жұмыс тобын құрды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді-мекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы азайды.

Бұл жұмысты Бас прокуратураның деректерін ескере отырып, әрі қарай жалғастыру керек және осы жылдың соңына дейін жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет, - дейді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы