Смайылов «Алтын Орда» базарына қатысты тапсырма берді

1 Маусым 2023, 08:10
830
Бөлісу:
Смайылов «Алтын Орда» базарына қатысты тапсырма берді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте республикадағы ірі сауда орны «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Базарда 5 мыңнан астам сауда орны бар, оған келушілер күніне шамамен 50 мың сатып алушыға жететіні атап өтілді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%-ын және бөлшек саудасының 70%-ына дейін қамтиды. Оған тауарды негізгі жеткізушілер отандық өндірушілермен қатар көршілес елдердің компаниялары.

Сонымен қатар күнделікті өнімнің үлкен ағынын ескере отырып, базарда аймақтық ауқымда бақыланбайтын олигополия құрылады. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды.

Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша анықталған заң бұзушылықтар ішінара жойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізуге қолайсыз жағдайлар туралы шағымдар саны артқан, бұл сайып келгенде тауарлар бағасының негізсіз өсуіне алып келеді.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, сондай-ақ оның аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін прокуратура, ішкі істер органдары, БҚДА, ҚМА және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру тапсырылды.

Сонымен қатар Алматы агломерациясында сауда ағындарын теңестіретін және «Алтын Орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы