Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында орта мерзімді кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсімді 6% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл өте маңызды міндет.
Халықаралық экономистер осы жылдың соңына дейін жаһандық экономиканың өсу қарқыны төмендейді деп болжап отыр. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал экономикаға кері әсерін тигізіп отыр, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, экономиканың өсуін ынталандыру үшін жүйелі түрде пәрменді шаралар қабылдау қажет.
Экономиканы әртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан әрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек. Барлық министр мен әкімдер үйлесімді жұмыс істеуі тиіс, – деді Смайылов.