Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Смарт-қалалар адамды технологияға тәуелді етпеуі керек – сарапшы

4 Қазан 2025, 18:10
385
Бөлісу:
 Артём Чурсинов
Фото: Артём Чурсинов

Астанада өткен Digital Bridge 2025 форумы аясындағы панельдік сессияда Urban Living компаниясының серіктесі, қалалық кеңістіктерді дамыту директоры Риккардо Марини смарт-қалалар құрудағы басты мәселелер мен цифрлық экожүйедегі адамның рөлі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, табысты цифрландыру – бұл технологияларға соқыр сенім емес, жасанды интеллекті мен басқа да құралдарды дұрыс қолдана білу.

Жасанды интеллект жақсы құрал, бірақ ол өздігінен ештеңе істей алмайды. Біз, адамдар, оны үйретіп, қай кезде және қалай пайдалану керегін түсінуіміз керек. Егер технологиялар адамдарды бақытты етпесе, олардың өмірін жеңілдетпесе, онда мұндай жүйе сәтсіздікке ұшыраған болып саналады, — деді Риккардо Марини.

Оның айтуынша, технологияның тиімділігі – адам факторында. Сарапшы деректермен және цифрлық жүйелермен жұмыс істеуде сын тұрғысынан ойлау мен жауапкершілік аса маңызды екенін атап өтті.

Технология – адамның қолындағы құрал, ал адам технологияның құлына айналмауы тиіс. Біз жүйелерге соқыр сеніп, олардың өздігінен дұрыс шешім қабылдауын күте алмаймыз. Маңыздысы – олардың қалай жұмыс істейтінін түсіну, қателерді анықтау, нәтижені тексеру және деректерді орынды пайдалану. Сонда ғана цифрландыру адам өмірін жақсартуға нақты қызмет етеді, — деп түйіндеді ол.

Маринидің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің басты мақсаты – адамдардың өмір сапасын арттыру, ал технологиялардың өзімен шектелу – қате бағыт.

Өзгелердің жаңалығы