Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқынын күшейтіп жатыр. 2026 жыл ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Ал AI-шешімдерді мемлекеттік қызметтер мен ведомстволар жұмысына енгізу Үкіметтің басым бағыттарының біріне айналды. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның мемлекеттік секторында жасанды интеллектке негізделген қандай жобалар іске қосылғанын және олардың тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын зерделеп көрді.
Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы
Негізгі жобалардың бірі – Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы (NAIP). Бұл – мемлекеттік органдарға генеративті мәтін технологияларын, деректерді талдауды және машиналық оқыту құралдарын пайдалануға мүмкіндік беретін орталықтандырылған инфрақұрылым.
Платформа бірнеше міндетті шешеді: мемлекеттік деректер мен аналитикалық құралдарды біріктіреді, ақпаратты өңдеу мен талдамалық материал дайындауды автоматтандырады, сондай-ақ мемлекеттік органдарға бөлек IT-жүйелер құрмай-ақ жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуге көмектеседі. NAIP жаңа цифрлық сервистерді әзірлеуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға негіз болады деп күтіліп отыр.
NAIP жаңа цифрлық сервистерді әзірлеуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға негіз болады деп күтіліп отыр.
Smart Data Ukimet: Үкіметке арналған аналитика
Цифрлық мемлекеттік басқарудың маңызды элементтерінің бірі – Smart Data Ukimet жүйесі.
Бұл – шешім қабылдау үдерісін қолдау үшін мемлекеттік деректердің үлкен көлемін жинап, талдайтын ақпараттық-талдамалық платформа. Жүйе әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді саралауға, негізгі үрдістер мен ықтимал тәуекелдерді анықтауға, сондай-ақ Үкімет үшін болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Жоба халықаралық деңгейде мойындалып, аналитика және Big Data санатында Project of the Year байқауының жеңімпазы атанды.
Азаматтардың өтініштер жүйесіндегі жасанды интеллект
Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу саласына да енгізіліп жатыр. e-Otinish платформасын жаңғырту аясында қазақстандықтардың өтініштерін автоматты түрде талдай алатын құрал әзірленуде.
Жүйе өтініштерді 2500-ден астам санат бойынша жіктейді, жасырын мәселелер мен жүйелік тәуекелдерді анықтайды, сондай-ақ мемлекеттік органдар үшін болжамдық талдау қалыптастырады. Бұл азаматтардың өтініштерін қарау мерзімін қысқартып, мемлекеттік құрылымдардың әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Электронды үкіметтегі AI құралдары
Жасанды интеллектті дамыту электронды үкіметтің одан әрі эволюциясымен де байланысты. Басым бағыттардың қатарында eGov және eGov Business сервистеріне AI құралдарын енгізу, мемлекеттік қызметшілер үшін цифрлық жұмыс орнын қалыптастыру, талдамалық жүйелерді дамыту және мемлекеттік қызметтерді одан әрі автоматтандыру бар.
Негізгі мақсат – бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік қызмет көрсету жылдамдығын арттыру. Белсенді цифрлық трансформация халықаралық рейтингтерде де көрініс тауып отыр.
Oxford Insights талдау орталығының деректеріне сәйкес, Қазақстан Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 195 елдің ішінде 60-орынға ие болып, бір жыл ішінде позициясын 16 сатыға жақсартқан.
Сарапшылардың айтуынша, ел біртіндеп пилоттық жобалар кезеңінен жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруға жүйелі енгізу кезеңіне өтіп келеді.
Алдағы жылдары Үкімет жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әртүрлі салаларда кеңінен қолдануды жоспарлап отыр. Ең алдымен мемлекеттік қызметтер саласына басымдық беріледі – мұнда технологиялар сұраныстарды өңдеуді жеделдетіп, көптеген үдерісті автоматтандыруға көмектеседі. Сонымен қатар жасанды интеллект денсаулық сақтау, білім беру және экономикалық болжам жасау жүйелеріне де белсендірек енгізіледі.
Мұндай технологияларды пайдалану мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, елдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.