СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды

2 Маусым 2021, 09:28
17899
Бөлісу:
СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды
PHOTO

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Асхат пен Гүлнұр осыдан 4 жыл бұрын Солтүстік Қазақстанға Алматы облысынан қоныс аударған. 

Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға қарасты Сулышоқ ауылына орналасады. Бара сала отағасы жергілікті шаруашылыққа жұмысқа тұрса, жұбайы мектепке мұғалім болып кіреді де, көп ұзамай осы білім ордасының директоры лауазамына тағайындалды. Бірақ бала санының аздығына байланысты мектепті жабу туралы шешім шығады. Енді ғана орнығып, оң-солын түгендей бастаған отбасыға бұл күтпеген жаңалық еді. Осыдан кейін олар тағдыршешті қадамға барады. 

СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды

Өзіміздің 7 баламыз бар. Осында орнығамыз, жұмыс істейміз деп келдік. Ауыл да, адамдары да ұнады. Сондықтан ауылдың өзегіне айналған мектепті сақтап қалу керек болды. 2002 жылы тұңғышыма босанғанда перинаталдық орталықта бірнеше тастанды бала жатты. Сол кезде барлығын өзіме алып, бауырыма басқым келді. Бірақ жас болдық, оған жолдасым да дайын емес еді. Бұдан кейін де талай жыл бала асырап алайық, жетімдерге қуаныш сыйлайық деп айтып жүретінмін. Сол ойымды жүзеге асыру мүмкіндігі осы ауылда туды. Асхат та қолдап, Атырау қаласындағы балалар үйінен 4 баланы алдық, - дейді Гүлнұр Ахаева. 

Араға 1 жыл салып, Гүлнұр мен Асхат тағы 4 баланың қамқоршысына айналды. Ең бастысы, ата-ана мейірімінсіз қалған балаларға жылу сыйлау, олардың үйде өсуіне жағдай жасау дейді олар. Қазіргі күні бір үйдегі 15 бала ауылдағы мектепке барады. Үлкендері мектепке барса, кішілері мектеп жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушілері. 

СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды

Күйеуім мектепте электрик, оған қоса шаруашылықта қызмет етеді. Жергілікті кәсіпкер қолдау көрсетіп отырады. Жаңадан салынған үйге ие болдық. Өзім директорлықты тастап, мұғалімдікке ауыстым. Өйткені, балалардың қасында болуым керек. Басшының жұмысы да көп, уақытымды да ұрлайды. Одан да кішкентайлармен бірге болайын деп шештім. Жағдайымыз жаман емес, еш өкінбеймін, - дейді Гүлнұр. 

СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды

Осыдан 4 жыл бұрын Сулышоқ ауылындағы мектептің оқушылары 10-ға да жетпейтін болса, қазір 50-ден асып кеткен. Бұған қоса ауылда жұмыс күші мол оңтүстіктен халқы аз солтүстікке көшіру бағдарламасы қарқын алып, ауылда 15 үй салынды. Оған да жас отбасылар қоныстанып, айналдырған 2-3 жылдың ішінде ауыл тірлігі азан-қазан қайнаған, мектебінде шәкірті шулаған ауылға айналды. Жалпы, бүгіндері Сулышоқта 40-тан астам отбасы түтін түтетіп отыр. Егер көш тоқтамай, тағы да қоныс аударушылар келетін болса, жабылады деген мектептің орнына жаңасын тұрғызуға тура келеді. Ең бастысы, шекараға жақын орналасқан қазақ ауылының іргесі бекіп, демографиялық ахуалға да тың серпін болып отыр. 

СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 баланы асырап алды

Ал Асхат пен Гүлнұр болса да тағы да ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды бауырына баспақ. Осылайша, көңіліне мұң ұялаған жетімдердің жүрегіне қуаныш ұялатып, азамат қылып тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.


Өзгелердің жаңалығы