«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесін дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осылайша, Skills Enbek платформасында «Әлеуметтік» қосымшасы құрылды, онда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қазақстандықтарға кейбір ақылы курстар бойынша тегін негізде оқуға мүмкіндік беріледі.
Оқытуды бастау үшін азаматтарға «Әлеуметтік» қосымшасындағы курсты таңдау кезінде ЭЦҚ арқылы олардың мәртебесінің сәйкестігін растау қажет. Тексеруден сәтті өткеннен кейін курс пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта жаңа бөлімде киіз басу және тігу сияқты қолданбалы мамандықтар, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік білім беру дағдылары бойынша сурдо аудармасы бар бірнеше курстар бар. Бұл курстарды USAID қолдауымен «Инклюзивті қолөнер» жобасы аясында «Qolqanat Foundation» қоғамдық қоры әзірледі.
Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek платформасы маркетплейс қағидаты бойынша курстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық аналогы болып табылады. Іске қосылғаннан бері Skills Enbek-те әртүрлі бағыттар бойынша 600-ден астам курстар орналастырылды, олардың жартысы тегін қол жетімді. Платформа қазірдің өзінде 474 мыңнан астам тіркелген пайдаланушыларды тартты, олардың 390 мыңнан астамы оқуды сәтті аяқтады.