Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтаулық офицер "Батыс" өңірлік қолбасшылығының Qazaq kuresi-нен чемпионы және "Батыс барысы" атағының иегері атанды.
"Батыс барысы" жарысына Ақтөбе, Ақтау және Атырау гарнизондарының 50-ге жуық әскери қызметшілері қатысты. Палуандар екі салмақ дәрежесінде – 80 кг-ға дейін және 80 кг жоғары салмақта бақ сынасты.
Барлық белдесулер тең дәрежеде өтті. Палуандар түрлі әдіс-айла техникаларын көрсете білді. Жарыс нәтижесі бойынша Ақтау гарнизонының өкілі, аға лейтенант Нұрболат Саурбаев "Батыс Барысы" атағының иегері атанды.
Командалық есепте 1-орынды 75488 әскери бөлімі, 2-орынды 29011 әскери бөлімі, ал 3-орынды 25744 әскери бөлімі иеленді. Барлық әскери бөлімдер Ақтау қаласында орналасқан.
Жыл сайын әскери бөлімдерде осы спорт түрімен шұғылдануға, оның ішінде әскери бөлімдерге қарасты әскери-патриоттық үйірмелерде айналысатын әскери қызметшілердің балалары үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Сондықтан келешекте жарыстың ауқымдылығы мен сапасы арта түседі деген ойдамын, – дейді "Батыс" өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт қызметінің бастығы майор Медет Құлыбеков.
Биылғы жарыстың жеңімпаздары ағымдағы жылдың 12-14 наурыз аралығында Алматыда АОСК оқу орталығында өтетін Қарулы Күштердің Qazaq kuresi чемпионатына қатысады.
Qazaq kuresi – қазақтардың ең көне спорт түрлерінің бірі. Қазіргі уақытта бұл жекпе-жек түрі бойынша әлемнің көптеген елдерінде Федерациялар ашылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылуда.