Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпкер Ярослав Кушнаревтың айтуынша, оның ашқан курстарындағы тіл үйренушілердің 70 пайызға жуығы орыс ұлтының өкілдері екен.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы баспасөз хатшылығының хабарлауынша, Ярославтың негізгі мамандығы дәрігер-стаматолог. Қазақ тілі курсын ашу идеясы оған кездейсоқ келмеген. Кәсіпкер бұған дәлелді себеп болғанын айтады.«Жақында қазақ тілін үйренуге зауқым соққанымен, тиімді тіл үйрету курстарын таба алмадым. Осы себепті оны өзім ашуды ұйғардым. Алдын ала әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Ұсынысымды құп алғандар қатары аз болмады. Барлығын есептеп, нақты қадам жасауға бел будым. Жоба құрып, оқытушы жалдадым. Жиһаз сатып алып, кеңсе тауарлары мен оқулықтар алдым. Осылайша жұмысты бастап кеттім. Оның үстіне жұмысқа алған педагог маман университетте жұмыс істейтін. Ол облыс орталығының ірі кәсіпорындарындағы тіл үйірмелеріне арнап оқыту бағдарламаларының әдістемелеіктерін дайындайды екен», - дейді «Қазақ Зерде» ЖШС құрылтайшысы Ярослав Кушнарев.
«Базалық қазақ тілі 48 сағатта» курсы үш ай бұрын басталған. Әзірге оған 15 адам қатысуда. Әр топта 4-5 адамнан. Олардың көпшілігі орыс ұлтының өкілдері. Тіл үйренушілердің жас мөлшері 27-ден 40-қа дейінгілер. Кәсіпкердің айтуынша, олардың көпшілігі өзі сияқты бизнес саласының өкілдері көрінеді.
Топтарды ұйымдастырмас бұрын Ярослав тілек білдірушілердің тілді меңгеру деңгейін анықтап, қазақ тілін үйренуге не себеп болғанын және тыңдаушыға қай уақыттың ыңғайлы болатынын сұрастырады. Ярослав олардың көпшілігі бастауыш топқа жазылып, қазақ тілін ауызекі деңгейде меңгеруді қалайтындар екенін айтады. Сабақтар аптасына 2-3 реттен екі академиялық сағатқа жоспарланған.
«Аталған сағаттар ішінде тыңдаушы барлық ережелерді үйреніп, 1000 базалық сөзді атайды. Бүгінгі таңда лексикалық минимум 40 сөз, грамматика да осындай. Біз грамматиканы құрастырудамыз. Сабақ соңына қарай тыңдаушылар грамматика мен барлық сөздерді есте сақтап алады. Келесі сабақта өткенді қайталап, жаңа сөздер мен ережелерді оқиды», - деп қосты Ярослав Кушнарев.
Бұдан басқа, мұнда оқушыларға арналған озық базалық қазақ тілі курсы да бар. Онда балалар қазақ тілінің қыр-сырына үйреніп, базалық біліммен қазақ тілді мектепке немесе сыныпқа ауысуға мүмкіндік алады.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: Облыстық Кәсіпкерлер палатасы