Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскемен қаласында өткен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде тарбағатайлық шаруагерлер қала тұрғындарына бес жарым тонна жылқы мен сиыр етін және жарты тонна нан өнімдерін ұсынды.
«Жалпы, Тарбағатай ауданы биылғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелердің легін алғашқылардың бірі болып бастап жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге Тарбағатай ауданындағы 17 ауылдық округтен келген шаруагерлер қатысып отыр. Жәрмеңкеге шаруа қожалықтары 4,5 тонна ірі қара етін, 1 тонна жылқы етін, 1 тонна қой еті мен Тұғыл ауылдық округінің балықшылары екі тонна мұздатылған балық әкелді. Сондай-ақ жарты тоннадай қазақтың ұлттық тағамдары мен сүт, кілегей, тары-талқан, құрт-ірімшік пен бауырсақ және тоқаш өнімдерін алып келдік. Бүгінгі басты мақсат – Тарбағатай өңірінің өнімдерін базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сату. Әкелген өнімдеріміз ойдағыдай өтіп жатыр, жұртшылық тарапынан бағаға я болмаса өнімнің сапасына деген қандайда бір наразылық болған жоқ», - дейді Тарбағатай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мерей Қайырбеков.
Облыс орталығының тұрғындарына деген тарту мұнымен ғана тыйылып қалмайтынын алға тартқан ол өздерімен бірге есімдері көпшілікке танымал өнер майталмандарын да ала келгенін айтты. Арнайы жасалған сахнадағы Ақжар Мәдениет үйінің өнер ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама белгілі әнші, халық әндерінің жанашыры Болат Әшірбаевтың «Тарбағатай таулары» әнімен басталды.
«Былтыр қыс мезгіліндегі жәрмеңкені бірінші болып бастаған едік, биыл мұндай кезек көктемге дөп келген екен. Жалпы жер ананың гүлденіп, түрленетін мезгілі наурыз айында осындай шараны бастап жатқанымыз жақсылықтың бір белгісі шығар. Біз бұл жолы жалғыз өңір жұртшылығына ғана емес, сондай-ақ республикаға танымал Үмітгүл Баянбаева, Есмұрат Қыдырмолданов, Айдар, Алмагүл Аусарбаев сынды әншілеріміз бен Мейрамбек Кәмелжанов сияқты танымал режиссерлерімізді де бірге ала келдік. Сонымен қатар ауданымызға белгілі өнер мектебінің ұжымы да суретші балалардың туындыларын қоса жолдап, жас қылқалам шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырып жатқан жайымыз бар», - деді Ақжар Мәдениет үйінің директоры Болат Құсайынов.
Қала тұрғындарының құлақ құрышын қандыратын әсем әндер легінің «тоқтат» дегенше ағыла беретінін айтқан ол, бүгінгі концерттік бағдарламада елі мен жерін сағынған жерлестерге арнап көбіне ауыл әндерінің айтылатынын тілге тиек етті.
«Ақжар өңірінде орналасқан өнер мектебінде жұмыс істегеніме бес жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында оқушыларға бейнелеу өнерінен сабақ беріп келемін. Қазіргі уақытта 200-ге тарта бала қатысатын мектеп аптасына үш рет балаларға бейнелеу, дизайн саласында білім береді. Қазіргі уақытта біздің мектебіміздің Құйған, Жетіарал, Бозша сияқты ауылдарда кіші-гірім бөлімшелері ашылған. Бүгінгі көрмеге өзім тәрбиелеп жүрген шәкірттерімнің туындыларын әкеп отырмын. Адамдар жақындап бірі фотосуретке түсірсе, енді бірі «тапсырыс беруге бола ма?» деп сұрайды. Бірнеше туынды қазірдің өзінде сатылып кетті», - деді Тарбағатай аудандық Өнер мектебінің мұғалімі Еркебұлан Жакишев.
Қоса кетсек, облыс әкімінің тапсырамасына сәйкес ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жылына бір рет, кей кездері бірнеше мәрте әр сенбі сайын Өскемен және Семей қалаларында бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Аталмыш жәрмеңкелерді өткізудегі басты мақсат қала жұртшылығына азық-түлік өнімдерін арзан бағада сатып алуға мүмкіндік беру.