Сиыр етінің келісі 10-12 мыңға қымбаттай ма? – министрлік жауабы 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда сиыр еті бағасына қатысты пікір білдірді.

 ©BAQ.KZ архиві Кеше 2026, 14:39
Кеше 2026, 14:39
808
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда сиыр еті бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер одан кәсіпкерлердің «сиыр етінің бір келісі 10-12 мың теңге болуы тиіс» деген мәлімдемесіне байланысты түсініктеме сұрады.

Ет бағасының өсуі әрдайым ішкі нарықтағы қымбаттауды білдірмейді. Бізде тиімді экспорт нарығы бар. Олар – Өзбекстан, Түркия, сондай-ақ Қытай мен Ресей. Негізгі табысты сол сыртқы нарықтан табамыз. Осы мақсатта мал шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданды. Ол ірі және ұсақ мал басын көбейтуді, сондай-ақ қоян өсіру, құс және ара шаруашылығын дамытуды көздейді. Бағдарлама аясында өндіріс көлемі артқан сайын қазіргі қолданыстағы шектеулер кезең-кезеңімен алынады, – деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар фермерлерге қосымша мүмкіндік береді.

Біздің саясатқа сәйкес, шаруалар сыртқы нарықта табыс табады. Артық өндіріс қалыптасқан жағдайда өнім экспортқа бағытталады. Сонымен қатар ішкі нарықтағы баланс сақталады. Сиыр еті бағасына қатысты бұрынғыдай күрт өсімге жол берілмейді, себебі ішкі нарық жеткілікті көлемде етпен қамтылады, – деп түйіндеді ол.

Наверх