Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтегі брифингте сиыр етін экспорттауға қатысты шектеулерді жеңілдету мүмкіндігіне пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазақстандық мал өсірушілер экспорт талаптарын жұмсартуды сұрап отыр.
Біз ведомствоаралық комиссияға бордақылау алаңдары бойынша критерийді 5 мың бастан 500 басқа дейін төмендету туралы хат жолдадық. Сондай-ақ ет комбинаттарына толық цикл талаптары қарастырылып отыр. Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысын күтіп отырмыз, содан кейін фермерлерге хабарлаймыз, – деді Айдарбек Сапаров.
Министр шешімнің нақты мерзімі туралы сұраққа жауап беріп, ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін 10-15 күн ішінде нәтижесі белгілі болатынын айтты. Осылайша, экспорт талаптарын жеңілдету мәселесі жақын арада қаралып, нақты шешім қабылдануы мүмкін.
Бұған дейін министр Еуропаға бал экспорттау мәселесі толық шешілгенін айтқан еді.