Сирияның жаңа билігі Ресейге ресми түрде бұрынғы президент Башар Асадты сотқа тарту үшін экстрадициялау туралы талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Al Arabiya телеарнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, қазіргі Сирия басшысы Ахмед аш-Шараа Ресей президенті Владимир Путинге осы мәселе бойынша ресми сұраныс жібергенін хабарлады.
Башар Асад 2024 жылдың желтоқсанында көтерілісшілер Дамаскті басып алып, оның режимін құлатқаннан кейін Сириядан қашып кетті. Қазір ол отбасымен бірге Мәскеуде саяси баспана алып отыр.
2025 жылдың 20 наурызында Ресей президенті Владимир Путин Ахмед аш-Шарааға жолдау жіберіп, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын білдірді.
Қазіргі уақытта Ресей тарапы Башар Асадты экстрадициялау туралы ресми сұранысқа қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.