Дамаскідегі тергеу судьясы Сирияның бұрынғы президенті, қашып жүрген Башар Асадқа қамауға алу жөнінде ордер шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Sana сириялық ақпарат агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Асадқа 2011 жылы Дераада болған оқиғаларға байланысты сырттай қамауға алу туралы ордер берілген. Ордерде оған әдейі кісі өлтіру, өлімге әкеп соққан азаптау және бостандықтан айыру айыптары тағылған.
Бұл сот шешімі ордерді Интерпол арқылы таратып, істі халықаралық деңгейде тергеуге жол ашады. Құжат Дераа қаласында 2011 жылғы 23 қарашада болған оқиғаларға қатысты қаза тапқандардың туыстары берген талап-арыз негізінде қабылданған.
Айта кетсек, 2024 жылдың қараша айының соңында сириялық қарулы оппозиция үкімет әскері позицияларына шабуыл жасап, 8 желтоқсанда Дамаскіге кірген болатын. Осыдан кейін Башар Асад президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кеткен. Соңғы мәлімет бойынша, Сирияның экс-президенті қазір Мәскеуде жүр.