Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сирия президенті сириялық күрдтерге қатысты жарлық шығарды

Бүгiн, 13:47
114
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа сириялық күрд халқын елдің ұлттық бірегейлігі мен сирия халқының ажырамас бөлігі ретінде бекітетін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжат сириялық күрдтердің мәдени, тілдік және азаматтық құқықтарын институционалдық деңгейде мойындауға бағытталған және ұлттық бірлікті нығайту жолындағы қадам ретінде бағаланып отыр.

Жарлықта күрд халқының мәдени және тілдік болмысы біртұтас әрі көпқырлы сирия ұлтының ажырамас бөлігі екені атап көрсетілген. Президент ұстанымына сәйкес, мемлекет этномәдени әртүрлілікті қорғауға және шығу тегіне қарамастан барлық азаматтың тең құқықтарын қамтамасыз етуге тікелей жауапты.

Құжатта Сирияның егемендігі аясында күрдтердің мәдени мұрасын, өнерін сақтау мен ана тілін дамытуға мемлекет кепілдік беретіні көрсетілген. Күрд тіліне ұлттық тіл мәртебесі беріліп, күрдтер тығыз қоныстанған өңірлерде оны мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарында факультатив ретінде немесе білім беру және мәдени бағдарламалар аясында оқытуға рұқсат етіледі.

Жарлықтың жеке бір бөлігі Хасеке провинциясындағы күрд халқының құқықтық мәртебесіне арналған. 1962 жылғы халық санағынан бері қолданылып келген барлық ерекше шаралар мен заңдар күшін жояды. Елде тұратын, соның ішінде тіркеусіз жүрген күрд текті барлық азаматтарға құқықтары мен міндеттері толық тең сирия азаматтығы беріледі.

Сонымен қатар 21 наурызда атап өтілетін Наурыз мерекесі Сирия Араб Республикасының бүкіл аумағында ресми демалыс күні болып жарияланады. Ол көктем мен халықтар арасындағы бауырластықты бейнелейтін ұлттық мереке ретінде бекітіледі.

Жарлықта сондай-ақ мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен білім беру мекемелеріне инклюзивті ұлттық дискурс ұстану міндеті жүктеледі. Этникалық және тілдік белгілер бойынша кемсітудің немесе оқшаулаудың кез келген түріне заңмен тыйым салынады, ал ұлтаралық араздықты қоздыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

Өзгелердің жаңалығы