Синтетикалық есірткіге қатысты қылмыс үш есе артқан

28 Қыркүйек 2020, 21:21
1964
Бөлісу:
Синтетикалық есірткіге қатысты қылмыс үш есе артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың жеті айы ішінде синтетикалық есірткі қылмысына қатысты 320-дан астам дерек тіркелді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл – үш есе көп.

Polisia.kz сайтының мәліметіне қарағанда, заңсыз айналымнан алынған синтетикалық препараттардың саны 30 есе асып түсті (2019 жылы 2,6 келі, 2020 жылы 81,7 келі). 

Мәселе күн сайын қордаланып, өзектілігі артып барады. Қазір синтетикалық есірткілерді әкеліп, өткізу ғана емес, ел аумағында жасала бастағаны жиі сөз болып жүр. Тіпті қазір осы бір заңсыз препараттарға тәуелділердің санын анықтау қиынға соғып тұр. Осындай өткір мәселелер ҚР Ішкі істер министрлігі түсірген жаңа фильмде жан-жақты көрсетіледі.

Бірінші дозаны қабылдағаннан-ақ адам оған тәуелді бола бастайды. Бұл жөнінде полиция үнемі ескертіп, есірткінің денсаулыққа зияны жайында ақпарат беріп келеді. Синтетикалық есірткілер өзінің “арзанқолдығымен” ерекшеленеді. Оның дайындалуы да, сатылымы да арзан. Бұған қоса, есірткі жасаушылар интернет-ресурстар мен электронды төлем жүйелерін пайдаланып, бой тасалап, қолға оңайлықпен түспеудің түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп алған. 

Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осындай технологияларды пайдалану арқылы жасалатын есірткі қылмыстарына, сондай-ақ жарнама мен үгіт-насихат арқылы есірткі қабылдауға итермелейтіндерге жаза күшейтілді. Фильмде Ішкі істер министрлігінің есірткілердің тізімін бекітуді заңды деңгейге көтергені туралы да айтылады. Соның арқасында полиция белгілі синтетикалық есірткінің барлық түріне және олардың балама түрлеріне бақылау енгізуге мүмкіндік алды.

Бәрі өзіме ұсынылған жұмыстан басталды. Өйткені мен дизайн саласында жұмыс істеп, Photoshop бағдарламасын жақсы меңгеріп алған едім. Менің танысым курьердің жұмысы мен сайтты жарнамалауды ұсынды. Маған бұл – қосымша табыс тапқысы келетін жас жігітке жақсы мүмкіндік болып көрінді. Кез келген уақытта өзімді тоқтатамын деп ойладым, алайда мұның бәрі өзімді алдау болып шықты. Тіпті ақшаның өзі маған ешқандай ләззат сыйламады, – деп фильмде сұхбат береді жазасын өтеуші. 

Есірткі зертханаларын кім ұйымдастырады, сайтқа салу үшін кімдерді жалдайды және орташа есірткі саудалаушыны қалай тануға болады? Осы туралы фильм кейіпкерлері өз аузымен баяндап береді. Фильмде, сондай-ақ қазіргі жастардың оңай және тез табыс табуға деген құштарлығы, заң талаптары мен арға мойынсынбау сияқты мәселелер жақсы көтерілген. 

Полиция фильм арқылы өз көрерменін қоғамдағы қауіпті үрдістерге назар аударуға шақырып, осы қатермен күресте жедел шаралар қабылдау қажеттігін ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы