Синоптиктердің кесірінен Венеция тағы да су астында қалды

10 Желтоқсан 2020, 07:11
1168
Бөлісу:
Синоптиктердің кесірінен Венеция тағы да су астында қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Венеция тағы да су астында қалды, деп хабарлайды 24kz. 

Мамандар аймақтағы су деңгейі әрі кетсе 120 сантиметрге көтеріледі деп болжам жасаған. Алайда су мөлшері одан асып түскен. Салдарынан шлюздердің қорғаныс жүйесі дер кезінде қосылмай қалған. Дегенмен, су тасқынының ауқымы былтырғыдай емес. 

Италияда ел бойынша қолайсыз ауа райына қатысты ескерту жарияланды. Ол жексенбіге дейін созылуы мүмкін. Таулардан көшкін жүргені туралы хабарланып жатқан Венето, Фриули-Венеция-Джулия, Эмилия-Романья аймақтары, сондай-ақ оңтүстік Кампания және Сицилия аралы табиғат апатынан көбірек зардап шекті. 

Аппениннің орталығы мен солтүстігіне қатты дауыл соғып, нөсер жаңбыр жауды. Бұл өңірде де тасқын мен су деңгейінің көтерілгені туралы хабарланып жатыр. Солтүстікте тіпті 600-800 метр биіктікке қар түскен. 

Сейсенбі күні метеоескертудің ең жоғары «қызыл» дәрежесі жарияланған Лациодағы Тибр өзенінің су деңгейі бақылауға алынды.

Өткен жылдың қарашасында су деңгейі 187 сантиметрге көтерілген еді. Жалпы қазіргі уақытта күн райының қолайсыздығы тек Венеция тұрғындарын ғана емес, Италияның өзге өңірлеріндегі халықты да әуре-сарсаңға салып жатыр. 

Мәселен, қалың қардан Фопполо тау-шаңғы шипажайы түгел жарықсыз қалыпты.

Өзгелердің жаңалығы