Түркиядағы жойқын жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандық азаматтың денесі үйінді астынан табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді,
8 ақпанда Хатай провинциясындағы Антакья қаласында құтқару-іздестіру жұмыстары кезінде Түркия азаматы тірі табылды. Бастапқыда ол азаматтың Құбылай Кескин екендігі айтылғанымен, туыстары ақпаратты жоққа шығарды, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Өкінішке қарай, ол азаматпен қатар хабар-ошарсыз кеткен отандасымыздың бірін құтқарып қалу мүмкін болмады.
Бүгін 9 ақпанда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасын тауып, Түркия азаматы Құбылай Кескин мен ҚР азаматы Әділ Қадырбековтің денесі табылды. Оны марқұмның туыстары растады, - деді Айбек Смадияров.
Қазақстандықтың денесін Хатай провинциясынан құтқарушылар үйінді астынан тапқан.
Сыртқы істер министрлігі қаза болған азаматтың денесін отанына жеткізу бойынша барынша көмек көрсетеді, - деді СІМ ресми өкілі.
Белгілі болғандай, Қазақстаннан барған құтқарушылар түркиялық әріптестерімен бірге хабар-ошарсыз кеткен еліміздің тағы бір азаматы – Мирболат Құрмашевті іздестіру жұмыстары жалғасуда.